Бірінші тоқсанда Қазақстан мен Қатар арасындағы тауар айналым шамамен 18 есе өсті. Бұл туралы Доха қаласында өтіп жатқан үшінші Қатар экономикалық форумы аясында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қатар Әмірі шейх Тәмим бин Хамад Әл Тәнимен кездесуінде айтты. Премьер-министр Қатар Әміріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Өз тарапынан шейх басым бағыттардың барлығы бойынша екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін растады. Үкімет басшысы елдің Премьер-Министрі – сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бин Абдурахман Әл Тәнимен де кездесті. Тараптар сауда, агроөнеркәсіптік кешен, инвестиция тарту және азаматтық авиация салаларындағы ынтымақтастықты нығайту келешегін талқылады. Жыл соңына дейін Астанадан Дохаға тұрақты рейстерді ашу жоспарланып отырғандығы айтылды.
Дарын Сағитов