Алматыда 2030 жылға дейін 45 шақырымдық LRT салынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 2030 жылға дейін 45 шақырымдық LRT салынбақ

22.05.2023

Алматыда 2040 жылға қарай 5 полиорталық құрылмақ. Қала халқының басым бөлігі соларда тұрады деп болжанып отыр. Бүгін шаһардың бас жоспары бекітіліп, алда жүзеге асырылатын ірі жобалар талқыланды. Мегаполисті полиорталықтарға бөлудегі мақсат қандай? Шаһар қалай дамиды? Жаңа құжатта кептеліс пен экология мәселесін шешу қарастырылған ба? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мегаполис «Солтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-батыс», «Шығыс қақпасы» және «Тарихи орталық» болып беске бөлінбек. Мысалы, «Солтүстік» полиорталығы – жоба бойынша Алматы-1 теміржол станциясына іргелес аумақта орналасады. «Шығыс қақпасы» Құлжа және Бұқтырма көшелерінің қиылысында құрылады. «Батыс» политорталығын Яссауи көшесінен батысқа қарай дамыту жоспарланған. «Оңтүстік-батыс» полиорталығы Райымбек даңғылы мен ұзаратын Алатау көшесінің қиылысында орналасады. Бұл аумақтарда шағын-өнеркәсіптік парктер, сауда және логистика нысандары, сондай-ақ индустриялық кәсіпорындар салынбақ.

Қаланы дамытудың негізі ретінде тарихи орталық алынады. Өйткені, ол қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен туристер үшін тартымды. Бас жоспарда шаһардағы экология мәселесіне де баса назар аударылып отыр. Нақтырақ айтсақ, қаладағы екінші ЖЭО газға көшіріледі.

Жанат Айтілеу, «АлматыБасЖоспар» ҒЗИ бөлім басшысы:

Жалғыз ЖЭО, Бізде бірінші ЖЭО өзін де әрі қарай жаңғыртуымыз керек. ЖЭО-3 бар. Олардың барлығы газға ауыстырылуы керек. Оның жобалары дайындалып жатыр.

Бүгінде Алматыда 3 ЖЭО орталығы болса, соның біреуі ғана көгілдір отынмен жұмыс істейді.Экологиялық таза қоғамдық көліктерді де дамыту жоспарланған. Мәселен, 2030 жылға дейін метро 21 шақырым ұзартылып, 45 шақырымдық LRT салынбақ. Кептеліс мәселесі де назардан тыс қалмады. Келер жылы үш бірдей жолайрық қолданысқа беріледі.

Қайрат Анарбаев, Қалалық мобильділік басқармасының бөлім бастығы:

Бұқтырма көшесі мен Құлжа күре жолының қиылысындағы көлік жол айрығының құрылысын аяқтаудың мерзімі ағымдағы жылдың соңына жоспарланған. Сонымен қатар Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайрықты аяқтау мерзімі 2024 жылдың тамыз айы және Саин мен Мөңке би көшесіндегі жол айырығын аяқтау мерзімі 2024 жылғы қыркүйек айы.

Алматының аумағы 2002 жылы 29 мың гектар болса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 70 мың гектарға ұлғайған. Ал, халық саны содан бері екі есеге өскен. Сондықтан қаланы көгалдандыруға күш салынбақ. Мамандардың сөзінше , қазір шаһардағы бау-бақша мен ағаштардың саны стандарттан 3 есе аз. Мәселені шешу үшін 2030 жылға дейін мегаполисте 3300 гектар жерге саябақтар салынады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу