Өткен аптада елдегі маңызды науқандардың бірі басталды. Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік грант сарапқа түсетін кезең. Жалпы, тестке түсу үшін 166 мың талапкер өтініш берген. Биыл қандай өзгерістер бар?
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Әуелі грантты түгендеп алайық. Жалпы саны – 88 мың. Оның 73 мыңы бакалавриатқа тиесілі. Гранттың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға бағытталған. Биыл «Серпін» бағдарламасында екі өзгеріс бар. Енді, өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқарды және бұрыңғыдай білім алған аймағында ғана емес, бағдарлама қамтитын кез келген өңірде жұмыс істеуге болады. Түлектерді қуантар тағы бір оң өзгеріс бар.
Қуаныш Ерғалиев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары:
Екі мүмкіндік беріліп, тестіленуші ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады . Яғни, екі нәтижеден ең жақсысын таңдап, конкурсқа қатыса алады. Биыл бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілді.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
ҰБТ бұрыңғыдай жылына 5 рет өтеді. Дегенмен, биыл тапсыру уақыты 40 минутқа ұзарды. Енді, тілге тоқталсақ. Түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде және 243 адам пайызға шаққанда 0,14 болады ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдіріпті.
Руслан Емелбаев, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
Қазіргі таңда талапкерлердің 18%-ы «Математика-Физика», 17%-ы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 10%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады. Жылдағыдай, ең аз таңдалатын комбинация бізде «Химия-Физика», оны тек 218 бала (0,13%) таңдаған.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Жалпы, ҰБТ 5-шілдеге дейін жалғасады. Биыл тестілеу форматы да, шекті балл да өзгерген жоқ. Дегенмен, жыл сайын талап пен тәртіп күшейіп келеді. Қорыта айтқанда, тест – теңіз, балл – балық қармаққа қапқанын көреміз дейтін заман емес. Сондықтан білім бәйгесінде озаттар озып шықсын.