Түркістандық шаруалар шығынға баттық деп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық шаруалар шығынға баттық деп отыр

21.05.2023

Жеміс-көкөніс маусымы басталып, азық-түліктің бұл түрі арзандағаны халық үшін жақсы. Бірақ түркістандық шаруалар шығынға баттық деп шырылдап отыр. Қазақстандағы жылыжайлардың 70 пайызы орналасқан Түркістан облысының Сарыағаш ауданында қыста көмір жетпей, жылыжайлар құлап, көкөніс үсіп қалғаны есіңізде шығар?! Міне, содан кейін шығынға ұшыраған шаруалар өнім құнын өсіруге мәжбүр болған екен. Ал шетелдік көкөніс арзанырақ болған соң, бәсекеге төтеп бере алмай отырмыз,- дейді. Салдарынан қияр-қызанағын тонналап сата алмай жүргендер бар. Енді үкімет отандық өнімге қолдау мақсатында шетелдік көкөніс тасымалына шектеу қойып, демпингке қарсы баж салынса деген тілегі бар. Нарық заманында бұл қаншалықты дұрыс? Экономистер не дейді? Салалық министрліктер ше? Айнұр Ақбаева тарқатады.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Мен тұрған жылыжайда голландиялық қызанақ егілген. Шаруа бұл көшеттердің әрбірін 400 теңгеден алып еккенін айтады. Оған тағы минералды тыңайтқыш пен көмір, электр энергиясы мен жұмыс күшіне қаражат жұмсалған. Яғни гектарына 30-35 млн теңге кеткен. Алайда дайын өнімді сатуға келгенде алушы таппай отыр.

Мұндағы жылыжайлардың басым бөлігі қияр мен қызанақ өсіреді. Қияр 45 күнде өнім берсе, қызанақтың пісіп-жетілуі үшін 90 күн қажет. Яғни көкөністің бұл түрлерін өсіруге көп уақыт пен қаражат қажет. Онсыз да қыстыгүні көмірден қысылып шыққан диқандар енді базардағы бәсекелестік қыспаққа алып отыр дейді.

Данияр Қалтаев, шаруа:

Неге өтпегенде ол Түркіменстаннан, Қытайдан келгендер бізді демпингтік бағамен бүгінгі таңда өлтіріп жатыр олар. Өйткені біз апарып бес жүзден сатсақ, олар төрт жүзден сатады. Төрт жүзден сатсақ, үш жүзден, ақырында енді екі жүзден қойып қойды. Бізді шығынға ұшыратып, келесі жылы біз еге алмаймыз. Келесі жылы мұндай қызанақтар болмаса, ол кезде олар бағаны көтереді. Олардың мақсаты сол. Бірақ бұған ойланып жатқан, алдын ойлап жатқан ешқандай шенеуніктер жоқ. Олар бүгінгіні ғана ойлап жатыр. Біз бүгін арзан қылдық дейді, бірақ ертеңгі күні қымбат болады. Сарыағаштық диқандардың бірі Әкіп Ақбердиевтің жылыжайында қазір қиярлар сатылмай, тонналап жиналып тұр. 13 жылдан бері осы кәсіпті табыс көзіне айналдырған шаруа бауырларымен бірге 4 га жылыжайға көкөніс еккен. Қазір қиярлары жаппай пісіп жатыр. Күніне терімге 30-40 адам жалдап, әрқайсысына 7 мың теңгеден төлейтінін айтады. Бірақ қазіргі баға сол терімшінің жұмысын да ақтамай отыр екен.

Акип Ақбердиев, шаруа:

Мына бәдіреннің бәрі тұр, алатын адам жоқ. Алатындар келіп, 70-80 теңгеден сұрап жатыр в данный момент. Мына жақта 30-40 адам жұмыс істеп жатыр. 30-40 адамның ақшасын мен қайтып беремін міне 70-80 теңгеден сатып. Барлығы 150 млн теңге 4 гектар жылыжайға шығын бар. Оны қазір көмірші де ақшасын сұрап жатыр. Дәріші де ақша сұрап жатыр. Рабочилар да ақша сұрап жатыр. Біз не қылайық? Кімге барып дертімізді айтайық?

Салдарынан кейбір шаруалар жылыжайлардың жұмысын тоқтатқан. Жағдай осылай жалғаса берсе, биылдан бастап күнкөріссіз қаламыз деп ашынады. Өйткені жұмысты жүргізетін қаражат жоқ.

Міржаппар Агаев, шаруа:

Мысалы үшін қызанағымды 600 теңгеге сатамын. Бірақ шығын да көп. Сол қазір мысалы үшін 350 теңге, 300 теңге болып жатыр. Субсидия да бермеді. 2,5 пайызға ақша береміз деді, оны да бермеді. Енді менің лично өзімнің лажым жоқ. Жылыжайға да маңдайша астым сатамын деп, үйіме де маңдайша астым. Өйткені мен қарыздарымды бере алмай жатырмын. Жылдан жылға жиналып болды. Лажым қалмаған.

Нұрсұлтан Қуанышбаев, шаруа:

Былтырғыға қарағанда тыңайтқыштың бағасы 40 пайыз, 50 пайызға қымбаттаған. Көмірдің бағасы былтырғыға қарағанда 30 пайызға қымбаттаған. Ал біздің шығарған өніміміздің бағасы былтырғыға қарағанда 25-30 пайызға арзан болып кетті. Біз банкротқа ұшыраудың алдында тұрмыз. Ертең 100 теңгеге түсетін болса, 100 пайыз баннкротқа ұшырап кетеміз. Үйіміз кепілдікте тұр. 34 пайызға кредит алып істетіп жатырмыз. Құлап қалған жылыжайларға көмек болады деген уақытша тоқтатады деген. Ол да жоқ, мысалы.

Жылыжайды күнкөріс еткендер базарларға өнімін апарса, орын да табылмайды деп отыр. Себебі нарықты Түркімен қызанақтары басып қалған. Арадағы делдалдар да соны сатқанды дұрыс көреді екен. Ал оның сапасы шекарада фитосанитариялық талаптарға сай тексеріліп жатқан жоқ. Көршілес Ресей мен Өзбекстан бұл қызанақтарды тіпті нарыққа жолатпайды дейді шаруалар.

Алмас Нағашыбаев, диқан:

Түркменияның қызанағын Өзбекстан қабылдамайды, өйткені көп құжат жасау керек. Ресей қайтарған дейді, кеше интернетте айтып жатыр. Сол Россия кіргізбеген қызанақтың барлығы қазір бізде базарда. Арзан бағада болғаннан кейін халық алып жатыр оны.

Сарыағаштық шаруалардың мәселесін жергілікті билік біліп отыр. Бірақ бағаны біз емес, нарық белгілейді дейді.

Әлайхан Әлайдаров, Сарыағаш аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

Баға мына сұраныс пен ұсыныстың арасында туындайтын мәселе. Мысалы, баға бір күні түсуі мүмкін, келесі күні немесе арада 2-4 күн өткеннен кейін қайтадан көтеріледі. Шаруалардың айтқанын мен негізсіз демеймін. Олардың айтқанында да шындық бар. Баға түсіп кеткеннен кейін ол кісілер өздерінің шығындарын өтей алмай қаламыз ба деген қауіптері бар. Бірақ енді дегенмен де мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидиялау бойынша ол жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Диқандар бұған дейін өнімдерін еліміздің солтүстік өңірлері мен Ресейге тасымалдап, шығындарын өтеп келген. Бірақ қазіргі баға жол шығындарын да ақтамай тұр. Сондықтан Түркістан облысы мен Шымкент қаласының базарларынан ары аса алмауда. Ондағы саудагерлер болса бағаның соңғы күндері төмендеп қалғанын жоққа шығармайды. Бірақ қыс бойы түркімен қызанақтарын саудалап келсе, қазір жергілікті көкөніс сұраныста екенін айтады.

Шынар Әшімова, сатушы:

Түркіменіміз өтпейді мынаның алдында. Мына Сарыағаш шыққалы Сарыағаш жақсы кетеді. Бағалары 20 теңгеге қымбат Сарыағаш та. Мынау арзандау жүреді. Қиярдың бағасы бір түседі, бір көтеріліп кетеді. Кейде 300-ге көтеріліп кетеді, кейде 200-ге түсіп кетеді.

Сұлтан Әшімов, сатушы:

Бәсеке болады бәрібір. Арзан алып сататындар түркіменді алады ғой. Арзан алғысы келгендер. Түркімен жоқ болып қалса бірақ баға көтеріліп кетеді. Бәсеке ол бағаны ұстап тұрады. Негізінен, мынаны сұрайды, өзіміздің Сарыағаштікін.

Экономикалық мәселелерге зерттеу жүргізетін сарапшы Сапарбай Жұбаев ішкі нарықты шетелден келген көкөніспен толтыру белгілі бір мүдделі топтарға тиімді деп отыр. Бәз бірі кедендік төлемдерсіз өтуі мүмкін, сондықтан жергілікті өнімдерден арзанға түсетінін жоққа шығармайды. Себебі жергілікті жылыжайлардан шыққан көкөністен табыс тапқанша сырттан тасымалдағанды тиімдірек болады.

Сапарбай Жұбаев, экономист:

Біздің Қазақстан мен Түркіменстанды салыстырып болмайды. Түркіменстандағы жалақы мысалы үшін 100 доллар болса, бізде 400 доллар орта есеппен. Сонда біздің шаруаларымыз 2-3 есе жалақы көбірек алуы керек. Сонда олар жұмыс істейді. Ал егерде біз оларды төменге ұра беретін болсақ, олар өндірмей қояды. Біз онда шетелдік көкөніске басыбайлы болып қаламыз.

Стастистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр Қазақстанға сырттан 47 млн АҚШ доллар құрайтын 64 мың тонна қызанақ және қияр кірген. Ал биыл 21 млн АҚШ долларын құрайтын 22 мың тонна қияр мен қызанақ кіргізілсе, оның 14 мың тоннасы Түркімен елінен тасымалданған. Мамандар Қазақстанға сырттан келетін көкөніс өнімдеріне демпингке қарсы баждар алынбайтынын айтады. Өйткені мұндай баждар алу тек өндірістік мақсатта келетін тауарларға ғана қарастырылған. Кеденшілер үкіметтен арнайы тапсырма болмай, шетелдік көкөністердің тасымалдауына да шектеу қоя алмаймыз деп отыр.

Айдос Құралбайұлы, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

Бұл шаралар тек қана үкімет тарапынан ішкі нарықты, сауданы реттеу мақсатында енгізіледі. Тиым салу және шектеу шаралары енгізілмегендіктен, біздің елімізге, жалпы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік кіргізілетін көкөніс және жидек өнімдері фитосанитариялық бақылаудан оң нәтиже алған жағдайда кедендік тазартудан өткізіледі.

Кеденнен өткізілетін шетелдік көкөністердің сапасына қатысты мамандар тұрақты фитосанитариялық бақылау жүргізіледі дейді. Тек 2021-ші жылы Түркімен елінен тасымалданған қызанақтардан жүйелі түрде вирус табылған соң алты айға шектеу енгізілген. Бірақ кейінгі өнімдері талапқа сай келгендіктен бұл шектеулер алынып тасталғанын айтады.

Нұргүл Жақсыбекқызы, ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің бас маманы:

Содан бері барлық қызанақ өнімдері міндетті түрде 100 пайыз ПТР талдамадан өтіп жатыр. Жыл басынан бері осы карантиндік объектінің табылуы бойынша екі жағдай ғана тіркелді. 18 тонна қызанақ өнімі қайтадан экспорттаушы елге кері қайтарылды.

Комитет өкілдері сонымен қатар Еуразиялық экономикалық Одақ аясындағы шарттар бойынша Түркімен қызанақтарын Ресейге кіргізілмей жатқаны жөнінде ақпарат алмағанын жеткізді. Яғни ондағы фитосанитариялық талапқа сай келмей, кері қайтарып жатыр деген мәлімет шындыққа жанаспайды деп отыр. Дегенмен еліміздің Сауда және интеграция министрлігі осы мәселеге қатысты бір шара көрілетіні туралы жазбаша жауап жіберді. Онда «Егер шетелдік тауарлардың бағасы Қазақстанда өндірілген тауарлардың бағасынан төмен болса, бұл демпингтік импортты енгізуге негіз болмайды. Демпинг - тауардың экспорттық бағасы оның қалыпты құнынан төмен болатын жағдай. Бұған қоса, түркімен қызанақтарын өсіруге кететін шығын, жұмысшылардың жалақысы есебінен арзан болатынын ескеру қажет. Дегенмен отандық қызанақ өндірушілерді қолдау мақсатында түрікмен қызанағына қатысты санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану арқылы нарықты қорғауға болады деп санаймыз». Ал жылыжай шаруашылығына соңғы бес жылда субсидия берілмегендіктен, ұсақ серіктестіктер әбден қиналып кеткен көрінеді. Диқандар бұл мәселе үкіметтік деңгейде шешілуі тиіс екенін айтады. Мәселен, бір ғана Сарыағаш ауданында 600 гектар жылыжай бар. Егер қаржылай қолдау болса, диқандар бір жылда екі рет өнім алып, ел аумағын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар деп отыр.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу