Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді

21.05.2023

«Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойды және бірқатар бастаманы қабылдады. Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді. Айтпақшы, Президенттің Қытайға осы сапарында азаматтардың екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылған. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал ететіні айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық саяхатшылар үшін «Жібек жолы» туроператорларының тізімін жасап, бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне бара алатындай туристік кластер құруды ұсынды.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының басқарушы директоры:

Туристер жалғыз Қазақстанды таңдамайды. Бірнеше мемлекетті таңдайды. Кем дегенде екі мемлекет. Олар Алматыға келеді, Алматыдан Қырғызстанға өтеді, Қырғызстаннан қайтып келеді де ары Өзбекстанға, ары қарай Тәжікстан, Түрікменстанға өтеді. Бұндай классикалық «5 стан» деген турды 17-18 күн алады. Осы үлкен турды толық іске асырып, олар бойынша трафикті ұлғайту мүмкіндігін алып отырмыз.

Осы аптада Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық одаққа визалық режимді жеңілдету мәселесі бойынша ресми консультациялар басталғаны да белгілі болды. Мұндай уағдаластықққа Премьер-Министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жасаған сапарында қол жеткізді. Егер визалық режим жеңілдетілсе, қажетті құжаттар тізімі азайып, визалардың ұзақтығы мен жиілігін арттыруға мүмкіндік туады. Айта кетейік, Қазақстан 2017 жылдан бастап Еуроодақтың барлық мемлекеттерінің азаматтары үшін біржақты визасыз режим енгізген.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу