Елде зейнетке шыққан 180 мыңнан астам адам зейнетақы қорынан төлем алуға жүгінбеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде зейнетке шыққан 180 мыңнан астам адам зейнетақы қорынан төлем алуға жүгінбеген

20.05.2023

Елде зейнетке шыққан 180 мыңнан астам адам зейнетақы қорынан төлем алуға жүгінбеген. Бірыңғай жинақтаушы жауапты мекеме мобильді азаматтар базасында тіркелгендерге сәуір айынан бастап sms-хабарлама жіберген. Нәтижесінде біразының шетелге көшіп кеткені, кейбірінің қайтыс болғаны анықталған. Мұндай жағдайда зейнеткердің есеп шотындағы ақшасы сақтала ма?

Асылбек Данияр, тілші:

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп зейнет жасына толған, бірақ қорға төлем үшін жүгінбеген адамдарды анықтау үшін тексеру жүргізеді. Биыл 180 мыңнан аса адам анықталған, оның 57 мыңнан көбі шекара асып, басқа елге тұрақты тұруға кетсе, тағы мыңға жуығы қайтыс болған. Ал мұрагерлері өтініш білдірмеген.

Мұндай жағдайда заңға сәйкес зейнет жасына толған және қорда жинақтары бар адамдар төлемдерін алуға құқылы. Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияның бөлімшелеріне уақытылы жүгіну керек.

Зейнетақы төлемдерін бекітілген кесте бойынша зейнет жасындағы яғни 63 жасқа толған ер адам, 61 жастағы әйел, сондай-ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленгендер де ала алады.

Мүмкіндігі шектеулі жандар – тікелей қор кеңсесіне хабарласуға немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, сайт арқылы өтініш беру керек. Сондай-ақ, толық ақпаратты 1418 нөмірі бойынша тегін алуға болады.

Қордағы қаражатын шетелдегілер де алуға құқылы. Олар алдымен, несие, алимент және мемлекет алдындағы борышкерлігін өтеу керек. Төлем құжаттары Қорға қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жасалады.

Салымшы немесе зейнеткер қайтыс болған жағдайда заң әлде өсиет бойынша қаржыны мұрагері алады. Ол мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін алты ай ішінде нотариусқа хабарласу қажет. Егер бұл мерзім өтіп кететін болса немесе мұрагерлер өзара келісе алмаса, сотқа жүгіну керек.

Жинақ соммасының сақталу мерзімі жоқ.

Егер алушы төлем алуға өтініш бермесе, зейнетақы жинақтары жеке зейнетақы шотында сақталып, оған инвестициялық кіріс есептеле береді. Қысқа-нұсқа осы, ұсынған дерегіміз қажетіңізге жарасын.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу