АҚШ-тың Монтана штаты ТikTok-қа тыйым салды: Құжат 2024 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың Монтана штаты ТikTok-қа тыйым салды: Құжат 2024 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді

18.05.2023

АҚШ-тың Монтана штаты ТikTok-қа тыйым салуды бастады. Монтана штатының губернаторы бүгін танымал қосымшаны қолдануға тосқауыл болатын заңға қол қойды. Бірақ бұл желі пайдаланушыларының үлкен наразылығына әкелуі мүмкін дейді сарапшылар. 

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Монтана тик ток желісін пайдалануға заңды түрде тыйым салған алғашқы штат. Құжат 2024 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Талап бойынша Google және Apple бағдарламалар дүкендерінен TikTok қосымшасын алып тастауы керек. Яғни жаңа жылдан бастап штат тұрғындары «google play» мен «app store»-дан қытайлық қосымшаны жүктей аламайды. Бірақ заңда қазіргі қолданушыларға шектеу қою туралы нақты тетік жоқ.

Брандон Лер, Монтана штаты өкілдер палатасының депутаты:

«TikTok – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Бұл бағдарлама пайдаланушылардың ақпараты мен деректерін ұрлайды және оны Қытай коммунистік партиясымен бөлісу мүмкіндігі бар. Бұған үнсіз қарап отыруға болмайды. Өйткені бұл Монтана жұртының жеке өміріне қол сұқпау құқықтарына нұқсан келтіреді.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

TikTok заңға бағынбаса, әрбір құқық бұзушылық үшін қомақты айыппұл салынады және тиым сақталмаған әрбір күн үшін 10 000 доллар төлеуге міндетті болмақ. Мұндай жаза «Google» мен «Apple» -ды да күтіп тұр. Миллион тұрғыны бар штатта әлеуметтік желіні қолданушылар аз емес. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, қоғам белсенділері билік әрекетін сөз бостандығына қайшы деп бағалап, жаппай сотқа жүгінуі мүмкін.

Жанна Левентофф, АҚШ Азаматтық бостандық одағының өкілі:

Олар 150 миллионға жуық американдықтар пайдаланатын платформаны жабу арқылы конституцияда қорғалған сөз еркіндігіне, саяси ұйымдасуға, ақпарат жинауға, жақындарымен қарым-қатынас жасауына тыйым салып жатыр. Бұл бағдарламаны бұғаттау арқылы Монтанадағы адамдардың бірінші кезекте пікірін еркін жеткізуіне кедергі келтіреді. Сондықтан соттар мұндай шектеуге қарсы конституциялық бақылаудың ең қатаң талаптарын қолданады деп ойлаймыз.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

2020 жылы Дональд Трамп президент болып тұрған кезде TikTok пен WeChat-ты жүктеуге тыйым салмақ болды. Алайда сот бұған жол бермеді. Десе де билікте танымал желіге қарсы ұстаным күшейіп келеді. Қазірдің өзінде федералдық деңгейде шенеуніктерге қытайлық қосымшаны қолдануға шектеу қойылған. Ал осыдан 3 ай бұрын 12 сенатор «Шектеу актісі» деп аталатын заң әзірлеп, Конгресс қарауына ұсынды. Бұл құжат бекісе атқарушы билікке күмән туғызған кез келген шетелдік технологияны пайдалануға тыйым салатын өкілеттік берілмек.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу