Жамбыл облысында оқушыларға оқитын сыныптар жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында оқушыларға оқитын сыныптар жетіспейді

17.05.2023

Жамбыл облысы, Қонаев ауылында мектеп директорынан бастап, мұғалімдерге дейін оқушыларға орындарын босатып беруде. Бұл тура мағынасында солай. Себебі шәкірттерге оқитын сыныптар жетіспейді. Өйткені №5 білім ұясы бір жыл ішінде екі рет қабырғасы қирап, бастауыш сынып блогы апатты жағдайда жабылған.

Дінмұхамед Қонаев ауылындағы 315 балаға арналған мектеп 2015 жылы пайдалануға берілген. Алайда ұжымы ашылғалы бері апаттан көз ашпадық дейді. Бір жыл бұрын мектептің негізгі бөлігінің қабырғалары жарылған. Ал осыдан 20 күн бұрын бастауыш сыныптардың едендері опырылыпты.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Білім ордасының ұжымы су жаңа мектеп 8 жыл бұрын салынды деуге сену қиын дейді. Өйткені едендері ойдым-ойдым болып, қабырғалары жарылуға жақын. Бастауыш сыныптар басқа кабинеттерге бас сауғалап оқуға мәжбүр. Мәселен мына кабинет директордікі десек, ал дәліздің бойындағы көрші кабинет оқу ісі жөніндегі орынбасардікі.

Бұдан бөлек оқушыларға мұғалімдер бөлмесі мен кітапхананы да босатып берген. Апатты аумақта ұзын-саны 8 сынып пен екі шағын орталық бар. Ұстаздар 100-ге жуық баланы сыныптарға әрең сыйдырып, әлек болып жүргендерін айтты.

Жазира Нәдибекова, бастауыш сынып мұғалімі:

Қазіргі оқып жатқан директордың кабинеті кішілеу болып тұр бізге. Содан кейін ол жерге барлық дүниелерімізді көшіруге сыймады. Көшірген жоқпыз.

Мектеп директоры сапасыз құрылыстың басы әу баста жерді дұрыс тегістемегенінен болуы мүмкін дейді.

Ырымжан Омаров, №5 орта мектеп директоры:

Енді сапасыз болғандығынан ғой, былтырғы істелген дүние қайтадан осындай болып жатқан тірлігі. Сіздердің тараптарыңыздан бақылау болса, ертерек жұмысымыз бітсе, біз де ыңғайсыз жағдайымыздан құтылып, балалардың барлығы өздерінің негізгі сыныптарында оқуға мүмкіндік жасалар еді.

Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы маман мектеп құрылысына қанша қаржы кеткенін айта алмады. Ал бүлінген жерлерді бүтіндеуді мердігердің мойнына міндеттейміз дейді.

Бауыржан Самылтыров, Т.Рысқұлов ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Мен 2015 жылғы қаражаттың соммасын білмейді екем. Кемшіліктерді қайта қалпына келтіру бойынша барлық материалдар мектепке толық жеткізілді. Ертең жөндеу жұмыстары басталатын болады.

Жауаптылар жөндеу жұмысын жүргізетін серіктестік шамамен 10 күн ішінде бітіреді деп сендіреді. Оған дейін оқушыларға мектеп басшылығы мен мұғалімдер босатқан бөлмелерде оқи тұруға тура келеді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу