Қазақстан мен Қытай арасында үшінші теміржол өткелі пайда болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытай арасында үшінші теміржол өткелі пайда болуы мүмкін

16.05.2023

Қазақстан мен Қытай арасында үшінші теміржол өткелі пайда болуы мүмкін. Тараптар қазір осы мәселені жан-жақты талқылап жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Қытайдың Сиань қаласына барады. Мемлекеттік сапар әрі «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады. Сиань – жер шарындағы ежелгі қалалардың бірі. Қытай өркениетінің бесігі деседі көпшілік. Бекер емес. Көне шаһардан кезінде Ұлы жібек жолы бастау алған. Осы жерден Оңтүстік-Шығыс Азияға, Орта Азияға, Жерорта теңізіне саудагерлер ағылды. Тауарлармен қатар, түрлі өнер де тоғысты. Әлем елдерінің сәулеті, мәдениеті алмасты. Оның үстіне Сиань 1100 жыл бойы аспан асты елінің бас қаласы болды. Қазір мәдени астанасы. Әлемнің сегізінші кереметі те осы қалада. Атақты терракот әскері. Қытай жауынгерлерінің 8000-нан аса мүсінін көру үшін жер шарынан млндаған турист ағылады. Ұлы Жібек жолының көне сүрлеуі жаңаша сипатпен жаңғырып жатыр. Екі ел осы Сиань қаласы арқылы ынтымақтастықты нығайтпақ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәліздің жалпы ұзындығы 8500 мың шақырым болса, оның үш мыңға жуығы бізге тиесілі. Яғни, тауар тасымалдаудың ең қысқа бағытына Қазақстанның қосатын үлесі қомақты. Жібек жолы кеңістігіндегі бірлескен бастама тоқтаған жоқ. Енді үшінші теміржол өткеліне қатысты ұсыныс көтеріліп жатыр, дейді сарапшылар.

Айболат Дәлелхан, қытайтанушы:

Екі бірдей теміржол өткелі болған, қазір енді үшінші өткел салу жоспарланып жатыр. Шәуешек Бақты арқылы. Бұл Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда қарым-қатынастарының жеделдей түсуіне үлкен көмегін тигізеді. Сонымен қатар және мына «Жасыл дәліз» мәселесі де талқыланатыны да рас. Өйткені Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің ешқандай кедергісіз, тез Қытай нарығына өтуі үшін толыққанды жұмыс істеуіне өте тиімді.

Қытай – Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді. Соңғы 15 жылда экономикаға 22 млрд доллар құйды. Былтыр қазақ қытай тауар айналымының көрсеткіші рекорд орнатты – 24 млрд доллар. Екі жақ та бұл санды тағы ұлғайтуға мүдделі.

Ернар Серік, сауда саясатын дамыту орталығының директоры:

Біздің Қытайдан алатын тауарларымыз өте көп. Тауардан қарасақ, ол 3500-нан астам тауар түрі. Ол коптермен санағанда, ал түрлі маркамен санасаңыз 10 мыңдаған тауарларды тасымалдаймыз. Киім-кешектен бастап, түрлі техника, компьютер Қытайдан келеді.

Тараптар қазір жоғары технологиялық бағытқа басымдық беруде. Алдағы уақытта қазақ қытай бастамасымен тағы 27 кәсіпорын ашылуы мүмкін. Қытай соңғы жылдары жаңартылған энергия көздеріне инвестиция құя бастады. Жалпы, шығыстағы көрші Орталық Азия елдерімен экономикалық бағытта байланысты жандандыруға бейіл.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Сонымен алдағы 3 күнде Мемлекет басшысы Қытайдың осы Сиань қаласында ірі келіссөздер жүргізбек. Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі. Мемлекеттік сапар. Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту жолдары қаралады деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, шығыстағы көршінің бизнес қауымдастығымен де жолығады. Бұдан бөлек, сапар аясында Президент «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу