Абай облысының тұрғындары интернет игілігін көре алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының тұрғындары интернет игілігін көре алмай жүр

15.05.2023

Абай облысында 100-ден астам ауылда мобильді интернет жоқ. Әсіресе, шалғай елді мекендердегі тұрғындар заманауи байланысқа зар болып отыр. Жергілікті басшылар көбіне «интернет бар» деп есепте көрсеткен жерлерінде ғаламтордың аты бар, заты жоқ. Сондай ауылдардың біріне тілшіміз Ержан Жақып арнайы барып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады.

Ержан Жақып, тілші:

Қызылкесік ауылдан интернет әкімшілік ғимаратының артында ғана ұстайды. Оның өзі әлсін-әлсін. Сондықтан ауыл тұрғындары, «WI-FI» желісіне қосылу үшін, осы жерге жиналуға мәжбүр. Әсіресе ауыл балалары күні-түні «WI-FI» құрылғысы орнатылған терезенің тұсында телмірумен күндерін өткізеді.

Интернеттің қажеттігін халық жылда айтып келеді. Ал басшылар болса құрғақ уәде беруден жалықпайды дейді наразы жұрт.

Мұратбек Қаратаев, Қызылкесік ауылының тұрғыны:

Сөзбұйдаға салады. Құрғақ уәделерін береді. Соның бәрінен халық қажып, халық айтады осыған қалай шамасы келмейді. Тіпті шамасы келмесе ауылдан ақша жинап берейік деген мәселлер көтеріп жатыр.

Әлемдік желінің болмауы әлегінен, әсіресе, ауылдағы мектеп ұжымы қиналып ,медицина, ветеринария қызметі тұралады. Ұстаздар мен оқушылар онлайн оқуға көшкенде әбден тығырыққа тірелді.

Ақнұр Сарқытбай, мұғалім:

Карантин басталған кезде мектептен 10 қызметкер почтальион болып шығып мұғалімдерден тапсырманы қағаздай алдырады. Мектептің 300 оқушысына почтальон таратады. 4-ші тоқсанда 2020 жылы алғаш карантин болғанда солай оқыдық.

Әлихан Еркінұлы, оқушы:

Сабаққа байланысты тапсырмаларды көшіреміз. Ал сабақтан тыс уақытта осылай келіп тұрамыз. Үй жұмыстарын орындау үшін. Кейде осы акиматтың интернеті тіпті жоқ болып, істемей қалады.

Қызылкесік ауылына интернет желісін тарту үшін өткен жылы жобалық сметалық құжат әзірленіп, аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Жақын арада мәселе шешіледі-дейді әкімшіліктегілер. Жалпы облыс бойынша осы жылы 9 байланыс діңгегін орнатуға 850 миллион теңге қарастырылмақ.

Айдын Кәрімов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

Талшықтық-оптикалық интернет жылдамдығын арттыру мақсатында біздің облысымызда 224 ауылдық елді мекеннің тізімін біз алдын ала жолдаған болатынбыз. Сол бойынша біз талқылап, жоспарлы жұмыстарға көшеміз.

Үкімет елімізде жыл сайын 1000 ауылда интернет сапасын жақсартуды жоспарлап отыр. Ол үшін мемлекеттен 500 миллиард, ал жеке операторлар тарапынан 750 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылмақ. Жоспар іске асса желіге қолы жетпей жүрген талай жұрттың жағдайы жақсаратын сыңайлы.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу