Жетісу облысында қарғын су шайған жол бойынша қылмыстық іс қозғалды. Естеріңізге сала кетейік, Малайсары ауылында былтыр жаңадан төселген асфальттың бір шақырым жолын наурыз айында сел шайып кеткен болатын. Облыстық прокуратура тексеру барысында жол құрылысы жобалық-сметалық құжаттарынсыз жүргізілгенін анықтады. Сондай-ақ жұмысты қабылдап алғанда авторлық және техникалық бақылау жүргізілмеген. Салдарынан 300 млн теңгеден астам қаржы ысырап болған. Ал асфальт тұрғындардың ескертуіне қарамастан сел жүретін арнаға төселген.
Ләйлім Әбілмәжінова, Жетісу облыстық прокурорының көмекшісі:
Қылмыстық құқықбұзушылық нәтижесінде мемлекетке қомақты шығын келтірілді. Аталған іске байланысты сәуірдің 3-нен бастап сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Жауаптыларға қызметтік бабын асыра пайдалану бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қуаныш Қанатұлы