Ақтөбеде су тасқыны кезінде жұмыс істеген елуден астам көлік жүргізушісі екі айдан бері ақшаларын ала алмай жүр.
Биыл күн күрт жылып, еріген қар ақтөбеліктерді әуреге салған еді. Қарғын су аулалар мен кейбір үйлерге де кірді. Жүргізушілер «осындай қиын кезеңде күн-түн демей жұмыс істедік. Жергілікті билік сол кезде ақшаларыңды аласыңдар деп уәде берген. Әкімдік әрқайсымызға 600-700 мың теңге шамасында қарыз дейді жұмысшылар.
Айдын Жайғарин, көлік жүргізушісі:
Бәріне бардық, бәрінің айтатыны – бұйырса, бұйырса, бұйырса. Бұйырмай жатыр. Бізде де шаруа бар, несиеміз бар. Ол кезде өз қалтамыздан бензин құйып, құрал-жабдықтарды алып, халыққа көмектестік.
Көлік жүргізушілерінің кейбірі жүзге жуық үй суға кеткен Қобда ауданына да, өз еріктерімен барып, ешқандай ақы алмастан көмек көрсеткен. Айтуыларынша, су сору жұмыстарын жүргізген екі серіктестіктің бірімен әкімдік есептесіп қойған. Оларға жүз миллион теңгеге жуық қаржы төленген. Ал елу төрті өздеріне тиесілі 74 миллион теңгені ала алмай жүр. Дегенмен, олармен кездесуге шыққан әкімдік өкілі мәселе жуық арада шешіледі деп уәде берді.
Серік Дәулетов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
130-дан астам машина жұмылдырылды. Қазіргі уақытта алдыңғы аптада 50 процентіне төлемін жасадық, кешегіде сессияда толққанды ақшаларын бөлді. Келесі аптада справкаға отырады, сол келесі аптада толық төлейтін боламыз.
Жақсыбек Кемал