Ақтауда үйдің кірберісіндегі шатыр құлап, бір адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда үйдің кірберісіндегі шатыр құлап, бір адам қаза тапты

11.05.2023

Ақтауда көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісіндегі маңдайшасы опырылып, 1 жұмысшы қаза тапты. Тағы 2 адам зардап шекті.

Коммуналдық мекеменің жұмысшылары тұрғындардың келісімімен, төбені жаңартпақ болған. Сол кезде маңдайша опырылып, 53 жастағы жұмысшыны бетон басып қалған. Ол оқиға орнында тіл тартпастан кетті. Зардап шеккен тағы 2 жұмысшы ауруханаға жеткізілді.

Валерия Фурсина, қала тұрғыны:

Үш адам күнқағардың үстіне шығып, бетонды қирата бастады. Сол кезде маңдайша құлады. Ер адамның бірі қабырғаға қысылып жығылды. Біз оны бетонның астынан шығаруға тырыстық. Ол ауыр тыныстап жатты. Денесінен ашық жарақат байқамадым. Ішкі құрылысына зақым келген болуы керек. Жедел жәрдем ұзақ уақыт келіп болмады. 

Зардап шеккен екі адамның жағдайы тұрақты. Бірінің аяғы сынған. Оқыс оқиғаға қатысты коммуналдық мекеменің басшылығы сұқбат беруден бас тартты. Айта кететін жәйт, тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілместен бұрын, техникалық сараптама жасалмағаны анықталды. Кісі өліміне қатысты іс қозғалды.

НҰРАДИН КӨШЕРБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл жерде сырттан келген адам жоқ. Зардап шеккен сол мекеменің жұмысшылары. Себебі олардың сол жұмыстарды жасауға құзіреттіліктері бар. Енді аржағында техникалық қауіпсіздік сақтау сақтамауын тиісті органдар анықтап беретін болады. 


Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу