Әскерилердің зейнетақы жүйесі қайта қаралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскерилердің зейнетақы жүйесі қайта қаралады

05.05.2023

Биыл әскерилердің зейнетақы жүйесі қайта қаралып, ұшқыштардың жалақысы 60 пайызға өседі. Бүгін Бүкілармиялық кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы күштерді жаңғыртуға қатысты тапсырмалар беріп, негізгі алты бағытты айқындап берді. Біз достықты ту еткен елміз. Бірақ жау жоқ деме жар астында. Сондықтан әскеріміз қашан да сақадай сай болуы керек деді президент. Ал оның әлеуетін арттыру үшін ең алдымен білікті кадрларды даярлап, Қарулы күштерді заман талабына сай етуіміз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет. Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Сондай-ақ оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет.

Президенттің бұлай деуі бекер емес. Қазіргі қарулы қақтығыстардың сипаты мүлдем бөлек. Әлемде гибридтік соғыс жүріп жатыр. Оған қарсы туру, жасанды интеллект, заманауи технологиялар мұның бәрін жауынгерлеріміз жетік біліп, бес қаруы сай болуы керек. Сондықтан президент айтқан келесі басымдық - армияны технологиялық жаңғырту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізге заманауи қару-жарақтың үлесін арттыру қажет. Әсіресе нысанаға дәл тигізетін жойқын жою құралдары, ұшқызсыз басқарылатын аппараттар, автоматтандырылған робот кешендер қажет. Ал әскеріміз мобильді болуы үшін әскери авиция паркін кеңейтіп, ұрысқа арналған көліктер алуымыз керек.

Әскери инфрақұрылымды жаңғырту тағы бір маңызды бағыт. Өйткені ол кеңес үкіметі әскерінің стандары бойынша жасалған. Одан алшақтайтын кез әлдеқашан келді. Сондықтан жаңа гарнизондар мен әскери қалашықтар салған кезде осыны ескеру керек деді президент. Ал Арыстағы жағдай қайталанбас үшін жарылғыш заттар сақталған қоймалар толықтай қала сыртына көшіріледі. Келесі маңызды міндет борышын өтеп жүрген сарбаздарды тәрбилеу ісін жетілдіріп, халықаралық стандартқа сай ету. Қатігездік, әлімжеттік деген атымен болмауы тиіс деп ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сарбаздарымыз қайсар, батыл, сондай-ақ білімді болуы шарт. Жауынгерлердің бойына отаншылдық, адамгершілік, ізгілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Олар нағыз азамат деген атқа лайық болуы қажет. Бір сөзбен айтсақ, армия – бұл рухани тәрбие орталығы.

Сондай-ақ президент әскер беделі мен жауынгер мәртебесін арттыруды тапсырды. Оның айтуынша форма киіп, қарулы сап құрамында тұру абырой болуы керек. Сондықтан офицерлерге әлеуметтік қолдау арта бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60 пайызға өседі. Осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбейеді. Келесі жылы әскери атақ үшін төленетін айлық ақы 30 пайызға артады. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесі де қайта қаралып жатыр. Сержанттарды, офицерлерді әлеуметтік қолдау жұмысы жалғасады.

Досжан Маратұлы, тілші:

Әскерилерге осындай жан-жақты қолдау көрсету әрқашан мемлекеттің назарында болады деді президент. Яғни жауынгерлер бұдан былай тұрмыстық жағдайына алаңдамай, тек елдің тыныштығын күзетумен айналысуы тиіс. Өйткені түрлі қақтығыстар мен геосаяси тұрақсыздық қашанда сақадай сай тұруды талап етеді. Ал қуатты армия елдігіміздің берік қалқаны.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу