Қазақстанда баспанаға сұраныс күрт төмендеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда баспанаға сұраныс күрт төмендеген

04.05.2023

Жыл басталғалы баспана сату-сатып алу келісім шарты азайған. Бір ғана наурыз айында 65 пайызға төмендепті. Бірақ сұраныс азайса да баға шарықтап тұр. Тепе-теңдікті нарықта қалай ретке келтіруге болады?

Баспанаға сұраныс күрт төмендеген

Сәуірден бастап баспана бағасы еліміздің 9 қаласында 1 пайызға жетер-жетпес түсті. Ал максималды орташа баға Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Өскеменде. 4 айдан бері үйді сату-сатып алу келісім шарты да күрт азайған. Әсіресе, наурызда бірден 65 пайызға төмендеді. Ал өткен айда ипотекаға үй рәсімдеу көрсеткіші 5 триллион теңгеге азайған.

Мұның себебін Қаржы нарығын реттеу агенттігі бірден банк алдында ипотекалық берешегі барлардың 141 миллиард теңге қарызын жапқанымен байланыстырады. Бірақ қарапайым халық сұраныс көп-ақ, құны қолжетімсіз деп отыр.

Үйсіздердің қазіргі күйіне 17 пайызға жеткен инфляция себеп екенін Қазақстан құрылысшылар одағы да растайды. Ал бизнес өкілдері ақшаны құрылысқа емес, 15 пайыздық депозитке салуды құп көруге көшкен.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін 10-12 пайызға дейін төмендету керек. Өйткені 2013 жылы банктің ставкасы 5,5 дейін төмен түскен. Сол жағдайға келсек, несиелер де бизнеске көбейеді, екінші деңгейлі банктердің беретін несиесі де қолжетімді болады. Ол несиеге азаматтар баспана алады, сосын кәсіпкерлік те дамиды.

Ал экономист Арман Бейсембаев инфляцияны ауыздықтаудың мүмкін емес екенін айтып, одан да мемлекеттік жеңілдетілген ипотекаларды түгел тоқтату керектігін алға тартты.

Арман Бейсембаев, экономист:

Жеңілдетілген ипотека нарықта бағаның өсуіне түрткі. Жыл сайын осылай өсе береді. Одан да екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктің бекіткен базалық мөлшерлемесін есепке алып, займ беру керек. Иә, бұл қымбат болуы мүмкін. Бірақ құрылыс компаниялары біраз уақыттан кейін баспана бағасын түсіруге мәжбүр болады.

Қазақстан риелторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев, әдеттегідей сұраныс қыста төмендеп, жазда қыз-қыз қайнайтынын еске салды. Ол нарықтағы тепе-теңдік, бағаның түсуі тікелей құрылыс компаниялары қағазбастылықтан құтылғанда орындалады деп отыр.

Орынбасар Сатаев, Қазақстан риелторлар қауымдастығының мүшесі:

Салу проблема емес, мәселе құжат алуда. Мұны Үкімет шешу керек, сонда баға одан сайын төмен түседі. Бастапқы жарнаны да түсір. Сонда баға 300-400 мың теңгенің айналасында болады.

Экономистер биыл баспана бағасы тағы 5 пайызға қымбаттайды десе, риелторлар керісінше түседі деп топшылайды.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу