Құмар ойындарға тыйым салу керек. Заң жүзінде шектеу болмаса, талайды құрдымға құлатқан құмарлық жастар санасын жаулап барады. Бүгін Мәжіліс депутаттары осы мәселені көтерді. Мамандардың сөзінше, сырттан келген күштерге төтеп беретін механизм ойлап таппайынша, көлеңкелі бизнесті тамырымен жою мүмкін емес.
Ақниет 26 жаста. Оның 8 жылы құмар ойынмен өтіпті. Бас-аяғы 15 млн теңге ұтылған. Несие, қарыздары тағы бар. 5 айдан бері оңалту орталығында ойыннан оқшауланып жатыр. Оның бұрын әр күні ұтамын деген үмітпен өтетін. Қазір ұмытамын деген үмітпен жүр.
Ақниет:
Ұлым бар 4 жасар, әйеліммен ажырасқаныма 2 жыл болды. Ол да ойын мәселесі деп айтсам болады. Себебі ойыннан тек ғана ақша азаймайды. Одан адамның өзі өзгереді. Агрессия көп, себебі игроман ұтқан кезде ғана көңіл-күйі жақсарады.
Ақниет сияқты теңгені термен емес, теріс тәуекелмен табамын дейтіндер көп. Қазақстанда 350 мыңға жуық адам лудомания дертіне шалдыққан.
Айдос Ибрагим, Оңалту орталығының психологы:
Бұрын нашақорлар көп еді. Әлі де көп қой. Бірақ қазір игромандар көбейіп бара жатыр. Мысалға, біздің орталықтың өзінде осы 5 айда нашақордан гөрі, лудомандар әлдеқайда көп түсіп жатыр. Бұл өте қауіпті.
Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Былтыр 3 676 суицид фактісі жасалса, оның әрбір бесіншісін құмар ойындарын ойынайтын адам істеген екен.
Руслан Берденов, Қр Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» фракциясының мүшесі:
Халқымызға біз осыны шештік, міне, деп бір жауабын айту керекпіз. Әйтпесе, біз күніге қаншама адам өліп жатыр.Қанша адам өлу керек? Қанашама ата-ананың көз жасы керек?
Парламент мәжілісінде құмар ойындар мәселесі талқыланып жатыр. Құзырлы органдар шеттеу, реттеу тетіктерін қарастыруда. Бірақ әзірге шорт кесетін, дөп шешетін инструмент табылмай тұр.
Ержан Еркінбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:
Теневой ғой, соны шығарсақ немесе оған тыйым салсақ құтыламыз. Мүлдем ойын бизнесті жауып тастауға болмайды деп есептеймін. Ойнаған адам ойынын табады. Өйткені біздің интернет жүйеміз қатаң емес. Әлі күнге дейін бізде механизм жоқ, сырттан келген күштерді блоктайтын.
Соңғы 3 жылда біздің азаматтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат жұмсапты. Біз қала тұрғындарынан осы тақырыпқа қатысты ой-пікірін білмек болып, сұрақ қойдық. Бәрі де қарсы. Бірақ бір тұрғынның жауабы проблеманың асқынып бара жатқанын айқындай түскендей.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Алысты айтпай-ақ, көрішлерге көз салсақ. Қырғызстан мен Өзбекстанда букмекерлік кеңселердің қызметі заң жүзінде тиылған. Біздегі ахуалды білесіз. Мысалға, былтыр ойын бизнесінен ғана 109 млрд теңге салық түскен. Бірақ, сол салықты бәлен еселеп берген де халықтың өзі емес пе? Талай тағдыр талқандалып, көз жасына малынып келген миллардтар. Қорыта айтқанда, мынау тұрған парламенттегілер осы мәселені өз мойынына алып, тыйым салар заң шығармайынша құмар ойынның құрығы мойыннан түспейтін тәрізді.
Азамат Бейбітұлы