Павлодар облысы, Ақсу қаласына қарасты Ребровка ауылы тұрғындарына тиесілі жердің бір тұтамын қалдырмастан жергілікті әкімшілік инвесторға беріп жіберген. Тіпті, тұрғындар сот шешімімен қайтарылған жайылымдық жерлеріне малын шығара алмай отыр. Ұлттық арна жаңалықтарында осы мәселеге қатысты бірнеше бейнематериал көрсетілді. Көп ұзамай жер телімдерінің заңсыз берілуіне қатысты басқа да деректер анықтала бастаған. Сондықтан Бас прокуратура Ақсу қаласы жер қатынастары бөліміне кешенді тексеруді бастады. Бұл Ребровканың тұрғындары. Тұтас ауылдық округ бір қарыс жерсіз қалғанын естіген жұрт Президенттен көмек сұрады. Іле брифинг өткізген Ақсу қаласы әкімшілігі мәліметтің рас екендігін мойындады.
Нұрбек Әбішев, Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Нақты Ребровкада бүгінгі күнде рәсімделген жері жоқ. 1 гектарда. Ауылдың қасындағы 400 гектар жерде малдарын бағып жүр. Иә, ол біреудікі.
Яғни тұрғындар шу көтерген соң шаруа қожалығына рәсімделген жерді иесінен уақытша пайдалануға сұрап алған. Ал ауылдың бұрыннан бар жайылымын тауарлы-сүт фермасын салып жатқан инвесторға беріп жіберген. Ол жерді жыртып, суармалы егістікпен айналысудың қамын жасап жатыр. Қала әкімі бұл бізге дейінгі басшылықтың кезінде болған деп ақталды.
Нұрлан Дүйсенбинов, Ақсу қаласының әкімі:
Жер бөлімінің басшылары көп ауысқан. Бір жарты жыл істейді, бір жыл істейді. Сосын кетеді. Содан бізде сондай кемшіліктер көп болған.
Ауылдан әрі ұзап жайылмағандықтан малдан күй кетіп барады. Оның үстіне қыстан жаңа шықты дейді тұрғындар. Ал жер ресурстарын басқару департаменті жақында Алғабас ауылдық округіне тиесілі 1100 гектар жердің инвесторға заңсыз берілгендігін сот арқылы дәлелдеген болатын.
Ерсін Ахметов, Ребровка ауылының тұрғыны:
Соттың шешімі орындалмай жатыр. Біз сол қолымызды жайып отырмыз. Малымызды қайда жібереміз, білмейміз. Халықтың қамын ойлайтын біреу бар ма? Жоқ па?
Ал тауарлы-сүт фермасын салып, егіншілік кәсіпті бастап жатқан инвестордың қолында мемлекеттік мекемелер берген рұқсат бар. Ол құжаттардың қаншалықты заңға сәйкес екендігін енді құзырлы мекемелер анықтайды. Бүгін еліміздің бас прокуратурасы басқа да бақылаушы органдармен бірлесіп Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімінде кешенді тексеру жүргізуді бастады.
Болат Аманбаев