Қазақстанда обаға қарсы күрес қызметі мамандарының жалақысы мардымсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда обаға қарсы күрес қызметі мамандарының жалақысы мардымсыз

04.05.2023

Қазақстанда обаға қарсы күрес қызметі мамандарының жалақысы мардымсыз. Сенатор Ақмарал Әлназарова Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді. Дәлірек айтқанда, аталған қызметте медициналық білімі барлардың айлығы өсіп, кәсіптік білімі жоқтардың жалақы мөлшері өзгеріссіз қалған. Қауіпті зертханаларда, ауру жануарлармен, токсинді препараттармен және далада жұмыс істейтін биолог, зоолог, биотехнологтардың еңбегі медицина қызметкерлерінен кем түспейді, - деді депутат. Айтуынша, биологиялық вирустардың қоздырғыштарымен жұмыс істеп, денсаулығына қауіп төндіргені үшін берілетін өтемақыны қазір мамандардың небәрі 23 пайызы ғана алып отыр.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қалыптасқан жағдай салдарынан аталмыш қызметте маман тапшылығы туындауы мүмкін. Сондықтан қауіпті әрі зиянды ортада еңбек ететіндерге қосымша төлемақы беруді жандандыру керек. Еңбекақы мөлшерін қайта қарастырып, екінші жартыжылдықтан бастап республикалық бюджеттен қаржы қарастыруды сұраймыз.


Хабарламаларға жазылу