Мәскеудегі Қазақстан павильоны жұмысын жандандырды. Халық шаруашылығы көрмесінде орналасқан ғимаратта қазақ тілін үйреніп, түрлі үйірмелерге қатысуға болады. Онда ұлттық өнерді дәріптеп, мерекелік шаралар өткізіледі.
Қожахметовтер отбасы Мәскеуде уақытша тұрып жатыр. Ілім-білім іздеуге келген жас мамандар балаларымыз қазақтың салт-дәстүрін ұмытпаса екен дейді.
Берік Қожахметов, жас маман:
Өзіміздің павильонға келдік. Қазақ елімізді сағынамыз, өзіміздің салт-дәстүрімізді сағынамыз. Павильонда өте жақсы. Біздің ұлттық киімдеріміз бар дүкен ашылыпты.
Жұмыс күндері мұнда шамамен 3-4 мың адам келеді. Ал мереке күндері тіпті 250 мың адамға дейін павильонды тамашалай алады. Арнайы тоғызқұмалақ, шахматтан шеберлік сыныптары ашылған. Қазақ тілін үйренем деушілерге де есік ашық.
Әйгерім Сүйіндікова, ұйымдастыру комитетінің мүшесі:
Біздің балалар өте белсенді қатысты. Өлең айтты, би биледі, өте қуанышты сезімде болды. Өйткені жат жерде жүргенде өз елін аңсайды, өз елін сағынады.
Қазақ тілін, өнерін дәріптеген «Қазақстан» павильоны мәдени-ағарту бағдарламасы үшін халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын белгісімен марапатталды. Алдағы уақытта әртүрлі жастарға арналған үйірмелердің санын арттыруды жоспарлап отыр.
Индира Бегайдар