ПИК-тен қашып, МИБ-ке өткен едік. Президенттен бастап халықтың да сынына ұшырады. ПИК, МИБ деп таңдау жасай алмай жүргенде халқының саны өсіп жатқан мегаполистерде сан мың мәселе шешілмей тұр.
Осы аптада Алматы әкіміне «Пәтер иелерінің кооперативіне мемлекеттік аудит жүргізу керек!» деген қала тұрғынынан шағым келген. Себебі, біреу-ақ. Ай сайынғы төлемдерінің қайда, кім жұмсап жатқанын білгісі келеді ғой. Ерболат Досаев «Бұл өзін-өзі басқару ұйымы. Әкімдік оның жұмысына араласа алмайды. Қосымша талап-тілектеріңіз болса, жеткізерсіздер» деп жауап қайтарды.
Көпқабатты үйді басқару тек алматылықтарды алаңдатқан мәселе емес. Үш жыл бұрын «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңға өзгеріс енгізілген еді. Оған сәйкес, Пәтер иелері кооперативі жұмысын тоқтатуы тиіс болған. Оның орнын Мүлік иелерінің бірлестігі басады деді. 2023 жылдың мамыры болды. Жоспар әлі орындалмады...Себебі, кем-кетігі көп дейді осы кәсіппен айналысып жүргендер. Мұны Үкімет те мойындады. Апта басында вице-премьер Алтай Көлгінов соның бірін атады. «Бір үйдегі әр кіреберіс тұрғындары бас-басына бірлестік құрып алған. Олай болмауы керек. Бұл – жаңа заңның бір қателігі» деді ол.
Жалпы, 20 жылдан астам жұмыс істеген Пәтер иелерінің кооперативін тарату не үшін керек болды? Жаңа жүйенің қандай кемшілігі мен артықшылығы бар? Әлем елдерінің тәжірибесі қандай? Елдос Есенбол зерттеп көрді.