Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған халық алдына қайта шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған халық алдына қайта шықты

30.04.2023

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сенбіде халықтың алдына қайта шықты. Ол Измир қаласында жақтастары алдында 40 минут бойы сөз сөйледі.

Түрік лидері бұған дейін үш күн бойы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына қатыспаған еді. Өйткені сейсенбіде тікелей эфир кезінде денсаулығы күрт нашарлап, сұхбат тоқтатылды. Ұзақ үзілістан кейін президент эфирге қайта оралды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Кеше және бүгін сайлауалды үгіт-насихат жұмысы көп болды. Сол шаралар кезінде асқазан тұмауына шалдықтым.

Бастапқыда бұқаралық ақпарат құралдары Ердоған миокард инфарктын алды деп хабарлады. Кейін бұл ақпарат жоққа шығарылды. Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожаның мәлімдеуінше, президент асқазан-ішек жолдарының қабынуына душар болған. Еске салайын, бұл мемлекетте президенттік және парламенттік сайлау мамырдың 14-де өтеді. «Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, бұл жолғы науқан 21 жыл бойы билікте отырған Ердоған үшін оңайға соқпайын деп тұр. Түркия президентінің рейтингі жоғары. Дегенмен, елде инфляцияның 50 пайызға шарықтауына және ақпандағы алапат зілзала кезінде іздеу-құтқару жұмыстарының баяу жүруіне қатысты сын көбейді. Сауалнамаларға қарағанда, 6 оппозициялық партия атынан шыққан кандидат Кемаль Кылычдароглуды қолдайтындар қатары артып отыр. Ердоғанның басты қарсыласы сайлауалды бағдарламасында Түркияны парламенттік жүйеге қайтаруға уәде берді. Мемлекет басшысы лауазымына барлығы 4 кандидат ұсынылған. Олардың арасынан сайлаушылар дауысының жартысынан астамын жинаған тұлға жеңіпаз атанады. Олай болмаған жағдайда, екі аптадан кейін сайлаудың екінші туры өтеді.


Хабарламаларға жазылу