Ұжымын қазақ тіліне ұйыта білген ұстаз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұжымын қазақ тіліне ұйыта білген ұстаз

29.04.2023

Президент бұған дейін бірнеше рет айтқан «Бірлігіміз – әралуандықта» деген. Еліміздің барлық азаматтары өздерін қазақ ұлтының бір бөлігі ретінде. Этникалық әртүрлілік ұлттың бірлігін көрсетеді. 20-дан аса ұлт өкілі бар Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназияны тұтас аймақ біледі. Орыс тілінде білім беретін мекемедегі ұстаздардың қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Олардың бәрі 40 жылға жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Олег Светті ерекше құрмет тұтады. Ынтымағы жарасқан ұжыммен әріптесім Жақсыбек Кемал жүздесіп келді.

Олег Свет ауылда өскен. Қазақ тіліне, ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне деген құрметі сол бала күнінен қалыптасқан. Білім беру саласының үздігі әсіресе, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретуден жалыққан емес.

Олег Свет, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Қазақстанда тұратын халықтар үшін, өзге ұлттар үшін де Қазақстанның болашағы бізді алаңдатады.Қазақстан жақсы жағынан болсын, гүлденсін деген оймен еңбек етеміз. Алдымыздағы, болашақ ұрпағымызды осы тілге деген сүйіспеншілікпен, тату өмір сүруге бірлік тұрғысынан тәрбиелеуге тырысамыз.

Бұл мектепте ондаған ұлт өкілі білім алады. Олардың бәрінің қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Бұл ұлағатты ұстаз Олег Светтің еңбегі.

Данил Емельянчиков, оқушы:

Маған қазақ тілі сабағы өте ұнайды. Қазақстан көп ұлтты мемлекет, сондықтан әрбір қазақстандық қазақ тілін білуі керек деп ойлаймын.

Ағылшын тілінен сабақ беретін Лиля Маринова осы мектептің түлегі. Кезінде Олег ағайынан дәріс алып, қазақ тілін жетік меңгерген.

Лиля Маринова, мұғалім:

Ұжымымызда көптеген ұлт өкілдері, мысалы орыс та бар, грек те бар, украин да бар, шешен де бар, корейлер де бар. Бәріміз қазақша сөйлейміз. Мысалы сабақ біткеннен кейін асханада отырғанда, тіпті, бір жиналыстарға барғанда да қазақша сөйлей береміз.

Олег Свет мектептегі «Абайтану» курсын жүргізеді. Ол Абайды оқып, оның шығармаларынан нәр алған бала ұлтқа адал қызмет етеді, дейді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу