Ашық үкімет пен жаңа мемлекеттік басқару мәдениетін қалыптастыру маңызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ашық үкімет пен жаңа мемлекеттік басқару мәдениетін қалыптастыру маңызды

28.04.2023

Мемлекеттік саясатты, бірінші кезекте, Парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер жүзеге асыруы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Президент осылай деді. Бұл ретте ашық үкімет пен жаңа мемлекеттік басқару мәдениетін қалыптастыру да аса маңызды. Елордада осы тақырыпта екікүндік халықаралық конференция мәресіне жетті. Парламент мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заңдарды уақтылы қабылдайтын болады. Мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту саяси ерік-жігерді, уақытты және табандылықты талап етеді. Жиында Сенат төраағасы осылай деді. Мәулен Әшімбаев, ең алдымен, қызмет көрсету моделі негізінде мемлекеттік қызмет үлгісін енгізудің маңызды екеніне тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Қызмет көрсету моделі қалыпты жұмыс істеуі үшін екі негізгі шарт қажет. Біріншісі – ашық, демократиялық саяси жүйе. Екінші шарт – азаматтық қоғам, қуатты саяси партиялар, қалыптасқан өзін-өзі басқару институттары, тәуелсіз БАҚ, белсенді үкіметтік емес ұйымдар сияқты мемлекеттік органдардың орнықты және ықпалды серіктес-акторларының болуы.

Қазақстан мемлекеттік басқаруда заманауи технологияларды белсенді қолдануға мүдделі. Бұл ретте отандық ғалымдар өзгемен кеңесіп, үздік жобаларды жүзеге асыруға дайын.

Рае Квон Чунг, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты:

Жаңа Қазақстанның ашықтыққа ұмтылғаны мені қатты қуантты. Президентттің бұл реформалары құптарлық дүние. Бұл даму мен тұрақтылықтың негізі болады деп ойлаймын. Қазақстан қазір климат мәселесімен де бетпе-бет келіп отыр. Саясат, экономика, қоршаған орта бәрі тығыз байланыста.Сондықтан мен өзімнің осыған қатысты инновациялық идеяларымды да ала келдім.

Елімізге білімді, білікті басқарушылардың жаңа буыны да қажет. Мемлекеттік органдар үшін сарапшылар даярлау ісі де маңызды міндет. Бұл бағытта Сенат Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, басқа да құрылымдармен, шетелдік мамандармен ынтымақтастық орнатуға әзір.

Дарын Сағитов, тілші:

Екі күндік конференцияда мемлекеттік басқаруды дамыту бойынша нәтижелі пікірталас өтті. Отандық магистранттар дәріс тыңдады. Қазақстан шетелдік тәжірибенің ұтымды тұстарын мемлекеттік басқаруда пайдаланып көрмек. Олар негізінен ашық үкімет, яғни халық алдында есеп беретін мемлекет құруға, «Цифрлық мемлекет» қалыптастырудың негізгі тетіктеріне, мемлекеттік қызметкердің болмысын өзгертуге қатысты.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу