Қызылордада тұрғындар электр энергиясы мен жол азабын тартып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада тұрғындар электр энергиясы мен жол азабын тартып келеді

28.04.2023

Қызылорда қаласына қарасты Махамбетов ауылында тұрғындар ұзақ жылдардан бері электр энергиясы мен жол азабын тартып келеді. Жел тұрса жарық өшіп, жаңбыр жауса көшелері ми батпаққа айналады. Әбден әбігерге түскен жұрт жергілікті билік жауыр болған мәселеге қашан назар аударады деп күтіп жүр. Шетте қалған халықтың базынасын тілшіміз тыңдап қайтты.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Мына қылтиған бөренелерде 220 вольттық электр сымдары ілініп-салынып әрең тұр. Тұрғындар кезінде электр желісін үй түсетін жер телімдерінің үстімен жүргізген. Қазір осыдан үш бірдей көше тоқ алып отыр.

Төлеков, Қаратабан, Найзағараев көшелері қанша жылдан бері жырақта қалғандай күй кешіп келеді. Ең басты мәселе мұнда электр желісі жүргізілмеген. Ал тұрғындар қора-қорадан өткізіп, төтесінен тартқан тоқтың қуаты тым төмен.

Гүлмира Жолдасқызы, тұрғын:

Бізде тоқпенен шәй қайнату, нан пісіру деген жоқ. Міне, техникамыздың барлығы жиналып тұр ішінде. Жанып кеткені қаншама. Телевизор екі бастан көтермейді. Балалар сағат 12-1-ді күтеді сабақ оқу үшін.

Қатты дауыл күндері жіңішке бөренелер қисайып, кейде шыдас бермей құлайды дейді тұрғындар. Әсіресе, ата-аналар көшеде ойнайтын балаларының өміріне алаңдайды. Жарықтан бөлек, жолдың да жайы оңып тұрған жоқ. Жел тұрса шаңы шығып, жаңбыр жауса көшелер ми батпаққа айналады.

Жалғас Сүгірәлиев, тұрғын:

Бұл көшелердің құрылғанына 10 жылдан асты. Ешқандай нәтиже жоқ. Асфальт салынбаған. Оқушылар сабаққа бара жатып құлайды батпақты күндері. Үстері батпақ болады. Балаларымызды аяймыз шыр жылап жатады.

Қала іргесіндегі ауылдың өзекті мәселесін тұрғындар жергілікті билікке талай жеткізгенімен, одан әзірге нәтиже болмай тұр. Жалпы елдімекенде электр бағаналары орнатылмаған 33 көше бар. Биыл соның үшеуіне ғана қаражат бөлініп отыр. Қалғаны келешектің жоспарында.

Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:

«Ауыл ел бесігі» бағдарламасына ұсынылған. Ол қолдау тапқан жоқ. Біз қайтадан ұсынып отырмыз. Енді ол қалалық бюджетке біраз сумма, үлкен қаражат сол себепті оны республикадан алуға жұмыс жасап жатырмыз.

Ал елдімекеннің 8 көшесіне биыл асфальт төселеді. Ауылға электр бағаналарын толық жүргізу үшін 1 миллиард теңгедей қаражат қажет. Оның да жобасы әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылды дейді әкімдіктегілер.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу