Абай облысындағы жастарға жеңілдетілген несие алуға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы жастарға жеңілдетілген несие алуға болады

27.04.2023

Абай облысы бойынша жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Өз бизнесін тыңнан бастайтын, мал өсіріп, өнеркәсіп ашқысы келетіндер үшін 5 миллионға дейін шағын несие алуға болады. Қаржыландыруды жүргізетін «Аграрлық несие корпорациясы». Қазір біртіндеп өтініш білдерген жастардың жобалары қолдау тауып жатыр. Қуанышбек Асылханұлы Жарма ауданының Аршалы ауылынан келген. Мал шаруашылығын дамыту үшін, жастардың кәсіпкерлігін қолдауға арналған жеңілдетілген бағдарламаға қатысуға ниетті.

Қуанышбек Асылханұлы, кәсіпкер:

Алғалы тұрған сома 4 миллион 900 мың теңге. Ауылды жерде өзімнің шарушылығым бар. 14 бас ірі қара алайын дегенмін. Малға жақын адамбыз. Қыр-сырын білеміз. Өзім ветеринар мамандығын оқып бітіргенмін.

Бизнес бастағысы келгендерді аграрлық несие корпарациясы қаржыландырады. 21 мен 35 жастағылар кәсіп бастау үшін 5 миллион теңгені 5 жылға дейінгі мерзімде 2,5 процентпен алады.

Тимур Ақатаев, «Аграрлық несие корпорациясы» несие бөлімінің бастығы:

86 өтінім қабылданды. Жалпы 300 милионға. Осы бағдарлама наурыз айынан басталған. 211 адам қатыса алады. Абай облысына 1 миллиард 55 миллион бөлінді.

Қаржыландыру туралы шешімді конкурстық комиссия қарайды. Құрамында облыс әкімшілігінің өкілдері, депутатар мен несие корпорациясының басшылары бар топ қазір әр бизнес жобаны мұқият зерттеп, шешім шығарып жатыр.

Айман Нұрлыбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

Комиссияның мақсаты бұл жобаның біздің өңірге қаншалықты қажет, қаншалықты өңірдің экономикасының дамуына үлес қосатыны туралы баға беретін болады. Бүгінгі күні 10 қатысушысы келіп жобаны қорғайды. Комиссия отырысы айына кем дегенде бір рет болады.

Бизнеске бет бұрған жастардың ұсынған жобаларының дені қызмет көрсету, тағам өндірісі, мал шарушылығы мен сауда-саттыққа қатысты. Арасында инновациялық идеясын іске асырғысы келетіндер де кездеседі.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу