Жетісулық шаруалар өнімін сата алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісулық шаруалар өнімін сата алмай отыр

27.04.2023

Жетісулық шаруалар былтыр жинаған екі мың тоннадай жүгерісін сата алмай, шығынға батқалы отыр. Алушылардың ұсынған бағасы тым арзан дейді. Ал әкімдік өкілдері қымбат кезінде бермеген тұрғындардың өздерін кінәлайды. Жақсылық Манақбаев 6 жылдан бері жүгері өсіреді. 3 гектардан жыл сайын 12-13 тонна өнім алады. Былтырғы жиған-тергенін әлі сата алмай отыр. Себебі алушы ұсынған баға шығынымызды ақтамайды дейді.

Жақсылық Манақбаев, шаруа:
Жүгерінің ұрығының өзі 95-100 мыңға барды. Дәрінің өзі 250 мыңнан асып кетті. Солярканың өзі 300-ге барды, мысалы. 3 гектардың екі гектарын ғана игеремін. Екі гектарға көктемнен күзге дейін 800-900 мың кетеді.
Қуан Нұрақын, тілші:
Тұрғындардың адал еңбек, маңдай термен таптық деген өнімдері өздеріңіз көріп тұрғандай былтырдан бері далада жатыр. Алды құсқа жем болып, асты көгеріп, бүлінуге айналған. Тұрғындар мамыр айының ортасына дейін сатып үлгермесек, шығынға белшеден батамыз деп отыр. Алмалы ауылында өнімін сата алмай отырған 30-дан аса шаруа бар. Барлығы жүгеріні екі қырманға жинап, былтырдан бері қарауылдап жүр.
Қуатбек Тәпенбаев, шаруа:
Күркемен жабамыз. Қыстай осының қарын күрейміз. Осы біздің көрген күніміз. Ауданның ауыл шаруашылығының мамандары келіп, біздің жағдайымызды біліп тұрса, біз мынандай жағдайға душар болмас едік.
Ауыл әкімі былтыр жүгерінің келісі 126 теңге кезінде тұрғындардың өздері сатпады дейді. Қазір мәселені шешудің жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.

Жарас Самықжанов, Басқұншы ауылдық округінің әкімі:
Бүгін бізге ресми хат келді. Жаркент крахмал зауыты 80 теңгеден қабылдау туралы. Бүгін халықпен ақылдасып, сол туралы сөйлесетін боламыз. Шаруалардың уақытында сата алмауының да өзіндік себебі бар. 126 теңге деген аты болмаса, алушылар бағаны түсіріп, ылғалы жоғары деп қабылдамады дейді. Сондықтан қырманға жинап, кептіруге мәжбүр болған.
Тимур Әлібаев, шаруа:
14 болмаса да 15-16 ылғалға дейін түсіріп, солай өткіземіз. Көбіне қаңтар, ақпан, наурыз айларына дейін ылғалдылығы түсіп, жылда өткізіп жүретінбіз жылда. Қазір 80 теңгеден өткізсең жапсаң, шығыныңды ғана жабатын шығарсың. Бірақ шығынды жапқанға дейін қаншама еңбек.
Шаруалардың сөзінше, 80 теңге тым төмен баға. Одан пайда көрмек түгілі, шаш етектен шығынға батамыз. Сондықтан жиын-терімді қырманда ұстағаннан басқа амалымыз жоқ дейді.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу