Бельгияда мұғалімдер ереуілдетіп жатыр. Ұстаздар қауымы жұмысқа шықпағандықтан бүгін мектептерде сабақ болмады. Елдің түкпір-түкпірінен 7 мыңнан астам мұғалім Брюссельге жиналып, наразылық акциясын ұйымдастырды. Олар Валлония-Брюссель аймағы білім министрлігінің «мұғалімдерді бағалау» туралы жаңа жарлығының қабылдануына қарсы. Айтуларынша, жарлықта ұстаздарға қысым көп. Ереуілшілер биліктен мұғалімдерге әкімшілік жүктемені азайтып, олардың біліктілігін бағалаудағы бассыздықтарға жол бермеуді талап етуде. Сондай-ақ мектептердегі психологиялық, медициналық-әлеуметтік орталықтарды қаржылай қолдауды сұрайды.
Мадлен Пиере, Философия пәнінің мұғалімі:
Менің мектепте істегеніме 30 жылдан асты. Сабақтан тыс қағазбастылық шаршатты. Сыныпта қазір 25-32 оқушы. Оны 15-ке азайту керек. Өз айлығымыздан оқушыға құрал-жабдық сатып аламыз. Осындай қысымға шыдамай, мұғалімдікті тастап кетушілер көбейді.
Нұрсұлу Қасым