Алаяқтардың кесірінен банкке қарыз болып қалғандардың несиесі кешірілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті заң жобасын әзірлеп жатыр. Бүгін Мәжілісте несие алу тәртібінің де өзгеретіні айтылды. Әсем Лесбек бір жарым жыл бұрын интернет алаяқтарға алданған. Қоңырау шалған әйел «банк қызметкерімін» деп таныстырып, Әсемнің атынан әлдекім несие рәсімдеп жатқанын, оны тоқтату үшін банк қосымшасына кіріп, қаражатын тексеру қажеттігін айтқан. Өзі туралы жеке деректерді айна қатесіз айтқан соң, күдіктенбей алаяқтың сөзін екі етпей орындапты. Осы кезде әккі айлакер 2 банктен 2 млн теңге несие рәсімдеп үлгерген.
Әсем Лесбек, Алматы қаласының тұрғыны:
Сіздің жеке сәйкестендіру номеріңіз мынандай ма деп сұрады. Мен иә дедім. Содан паспортымның номерін де толығымен айтып берді. Маған қатысты жеке ақпараттың барлығын айтқаннан кейін мен сеніп қалдым. Банктерге қазір еш сенім жоқ. Бұл қатты өкіндіреді.
Әсем қарызынан құтылғанымен, алаяқтар әлі күнге хабарласады. Мұндай қылмыскерлер өзге де қазақстандықтардың мазасын алып жүр. Бүгін Мәжілісте осы мәселе қаралды. Енді алаяқтардың кесірінен банкке қарыз болғандардың несиесі кешірілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі полицияға жылдам арыздану қажеттігін айтады. Қылмыстық іс қозғалса, банк несие бойынша өсімақы, айыппұл есептеуді тоқтатуы тиіс. Ал сот шешімі шықса, қарызды ақпараттық қауіпсіздікті сақтамаған банктің өзі өтейді.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы:
Егер қаржы ұйымы бұл талаптарды бұзса, салдары қиын болады. Қазір ол үшін мобильді қосымшаларға қойылатын талаптар да күшейтіліп жатыр. Заң жобасы шамамен 2 айдың ішінде Мәжіліске келіп түседі.
Банктер мен микроқаржы ұйымдарына да талап күшейеді. Соңғысындағы проблемалық несиенің үлесі 20 пайыздан аспауы тиіс. Әйтпеген жағдайда, лицензиясынан айырылады. Несие беру де қатаңдайды. Бұдан былай борышкерге табысының жартысынан артық сомадағы қарыз берілмейді. Ал, төлемді кешіктіргендерге онлайн несие берілмейді. Депутаттар заңды қабылдамас бұрын жан-жақты қарау керек дейді.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің бүгінгі таңдағы ең негізгі мәселе – Қазақстан халқы кедей. Сондықтан Қазақстанның бүкіл халқының тұрмыстық деңгейін көтеру керек. Егер халықтың тұрмыстық деңгейін көтерілетін болса, онда азаматтар тұрмыстық несие алудан қашатын болады. Бүгінгі таңдағы Қазақстанның ең үлкен проблемасы осы. Мемлекетіміз бай, халқымыз кедей.
Айя Мүтәлі, тілші:
Елде несиесін мүлде өтей алмай жүрген 1 млн 180 мың адам бар. Олардың жалпы берешегі 1 трлн 100 млрд теңгеден асады. Ал елімізде тағы екі банк ашылғалы тұр. Бұған дейін қазақстандықтарға микрозайм беріп келген қос бірдей микроқаржы ұйымы таяуда екінші деңгейлі банкке айналуы мүмкін. Агенттік басшысы бұл қаржы ұйымдарының оған деңгейі де, капиталы да жеткілікті деп отыр.
Айя Мүтәлі