Жамбылда тұрғын үй кешені тұралап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда тұрғын үй кешені тұралап тұр

27.04.2023

Жамбылда атшаптырым аумаққа тұрғызылған тұрғын үй кешені ұры-қарының мекеніне айналған. Қордай ауданы тұрғындарының айтуынша, ұзын-саны 20 жер үйді нашақорлар мен қаңғыбастар торуылдайды. Түнгі тықыр-сықырдан мазамыз қашты деген ел бірнеше жылдан бері тұралап тұрған үйлердің құрылысын аяқтауды талап етті.

Бұл еңселі екі қабатты үйлер Қордай ауданының орталығында орналасқан. Ат шаптырым алқап ауылдың негізгі кірберіс көшесінен мен мұндалайды. Маңайдағы ел тұрғын үйлердің тұралап тұрғанынан мезі болған. Өйткені құрылыс заттарын қолды қылу, қоқыс тастау, кептер аулау тиылмай тұр.

Ырысбек Нұпыбаев, ауыл тұрғыны:

Жалғыз мына жерде қорқынышты бір шетінен. Көршілер келсе мына жерге тезірек, сол дұрыс болар еді. Ұрлыққа түседі, келеді, тонайды. Сындырып кетеді.

Бұқара «Барыс» шағын ауданындағы қаңыраған алқап қаңғыбастар мен нашақорлар аялдамасына айналғанын да айтты. Сондықтан балалары үшін алаңдайды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Міне, қараусыз үйден қаңғыбас иттерді де көруге болады. Елеусіз баспана есіксіз болғандықтан, сынған терезесінен осылай сығалап сөйлеп тұрмыз. Жымысқылар жүргізілген тоқ сымдарын да сыпырып әкетіпті.

Үйлердің сақалды құрылысқа айналу себебін сұрап, әкімдікке бардық. Сөйтсе бұл баспаналар мемлекеттік бағдарлама бойынша салынбапты. Ол осыдан 11 жыл бұрын басталған жеке кәсіпкердің жобасы екен. Ал жер иесі 16 гектар алқапты былтыр өзге кәсіпкерден 1 млрд теңгеге сатып алған. Содан бері әкімдік алқаптағы 20 үйге заңды мекенжай беруді созбалаңға салып келеді дейді.

Ержан Сатылғанов, кәсіпкер:

Мұқтаж, жетім-жесірлерге берсек пе деген ойымыз бар. Ақшасыз, былай сыйлық қып. Сол адресі жоқ, қалған құжаттардың барлығы бар, жобамыз бар.

Қордайдағы құрылыс бөлімі «Құжат цирфландыру жүйесі жолға қойылмаған уақытта архивке өтіп кеткен» дейді.

Нұрболат Сатымқұл, Қордай ауданы әкімінің аппарат басшысы:

2012 жылы құжат айналым тек қағаз жүзінде іске асқандықтан «Сәулеттік жоспарлау тапсырмасын» беру стандарты базасына енгізілмеген. Қазір таңда жеке тұлға аудан әкімдігінің сәулет және құрылы бөліміне қайырылу керек.

Әкімдік алдағы бір ай ішінде қағаз құжатты архив ақтарып, табуға тырысамыз дейді. Ал кәсіпкер құжатына қол жеткізу үшін соттың барлық сатысына баруға бекініп отыр.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу