ҚХА XXXII сессиясы аясында елордада киіз үй тігу шарасы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХА XXXII сессиясы аясында елордада киіз үй тігу шарасы өтіп жатыр

26.04.2023

Бір шаңырақ астында. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясы асында елордада осындай тақырыпта киіз үй тігу шарасы өтіп жатыр. Қазір бізбен әріптесім Дарын Сағитов тікелей байланыста. Дарын, ынтымақ пен бірлікті ту еткен акция қалай өтіп жатыр?

Дарын Сағитов, тілші:

Сессия жұмысынан кейін 20-дан астам этнос өкілдері бірліктің нышанын көрсетіп, киіз үй тікті. Барлығы ұйымшылдықпен шаңыраққа уық қадап, татулыққа тамыр болған ынтымақ символын көрсетті. Жұмыла туырлық, бас арқан, басар, басқұрларын тартты. Шаңыраққа желбау байлап, киіз үй ішіне текемет төседі. Іс-шара Қазақстан халқының бірлігін, үйлесімді этносаралық қатынастарына құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Киіз үй – сахара мәдениетінің, сәулет өнерінің биік шыңы, көшпенділердің баспанасы. Қазақ халқы шаңырақ деген сөзге көптеген ұғымдарды сыйдырған. Ертеде қазақтар бір ауылдың, әулеттің, рудың, жан санын шаңырақ арқылы анықтаған. Елімізде қазір 100-ден астам этнос өкілі ынтымақта өмір сүріп жатыр. Олар осы шара арқылы қазақстандықтардың бірлескен еңбегін, әр азаматтың ел дамуына қосқан үлесі мен достыққа құштарлығын да көрсетуді меңзеп отыр. 

 Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу