Түркістан облысының Арыс, Шардара, Отырар сияқты алты ауданында шіркей қаптап кетті. Әсіресе, Көксарай су қоймасы мен Сырдарияның жағасындағы елді мекен тұрғындары жәндікке таланып жатырмыз деп дабыл қағуда. Күн ысыса зиянкестер көбейіп, жұрт далаға шығудан қалдық дейді. Қанатты жәндіктер тіпті жаңа туған төлдерді шағып, ел өріске мал шығаруды қойыпты.
Сәуір айынан бері шіркейге таланған Көксарай ауылының тұрғындары осылай дабыл қағуда. Себебі шіркей адамдарға ғана емес, үй жануарларына да орасан зиян келтіріп жатқан көрінеді. Күн ұзаққа бетін тұмшаланып жүруге мәжбүр болған халық егіске де, мал жаюға да шыға алмай қалдық деп отыр.
Жанат Нәденова, Көксарай ауылының тұрғыны:
Сиыр сауып болғанша кәдімгі шиқан боламыз қып-қызыл. Далаға обшым шығу жоқ қазір. Кішкентай немерелерімізге есікті құлыптап отыратын болдық.
Шіркейге таланған тұрғындар бала шағаларымен аурухана жағалап жүр. Солардың бірі Гүлжан Зұлпыхарова. Ол немерелерімен бірге жарадан көз ашпай қалғанын айтады. Себебі шіркей шаққан жерлер жара болып, жазылмай қалыпты.
Гүлжан Зұлпыхарова, Көксарай ауылының тұрғыны:
Шағып, ойда қырда біртіндеп көбейе береді. Сосын кейін мына тамырларға түйін тастайды біртіндеп. Сосын сол біртіндеп түйін тастағаннан кейін, мынаның барлығы жарылды ғой мынаның бәрі.
Көксарайлықтар осыдан енді шіліңгір шілдеге дейін азапты күндерді кешетіндерін жеткізді. Ал жауаптылар болса зиянкестерге қарсы күрес бір ай емес, бір аптаға ғана кешеуілдегенін мойындады. Бүгінде өңірдің алты ауданында дәрі себу шаралары жүргізілуде.
Нұрсұлтан Жарасов, Отырар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Отырар ауданында алдын ала белгіленген 8 елдімекенде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Оған қосымша тағы бес ауыл округі белгіленіп, сәуір айының аяғына дейін залалсыздандыру жүргізіледі. Енді шіркейге әсері міндетті түрде болады. Себебі, ол ошақтары залалсыздандырылып жатыр.
Қазіргі таңда шіркейді дәрілеу жұмыстарына 644 млн теңге қаржы қаралып отыр. Сондай-ақ, арнайы ғылыми топ құрылып, жәндіктердің көбею ошақтарын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен ауыл тұрғындары соңғы он жылда көзі жойылмаған шіркейден біржолата құтыламыз дегенге сенбейді.
Айнұр Әбілқасымқызы