«Цифрлық карта» туралы не білеміз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Цифрлық карта» туралы не білеміз?

25.04.2023

«Отбасының цифрлық картасы» арқылы 6 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жоба таяуда ғана Президент қол қойған «Әлеуметтік кодекс» аясында іске асып жатыр. 6 млн отбасының жеке дерегі жинақталған цифрлық карта туралы не білеміз?


29 наурызда мен босанған кезде міне, «Сәлеметсіз бе, Ұлжан! Нәрестелі болуыңызбен құттықтаймыз!»

Ұлжан Әбдіғұмарова жақында 4-ші сәбиін дүниеге әкелді. Ол бұған дейін нәрестенің құжатын перзентханада жүріп әзер рәсімдейтін. Бұл жолы 1414 хабарлама жіберіп, туу туралы куәлік бірер минутта автоматты түрде жасалған. Көпбалалы ана ретінде жәрдемақы алуға құқығы барын да хабарлаған.

Ұлжан Әбдіғұмарова, Астана қаласының тұрғыны:

Бірінші құттықтап, балаңыздың тууымен құттықтаймын деп. Сосын пособиелер, төлемақылар алу үшін мынандай цифраны басыңыз, мынаны басыңыз, содан роддомда жатып бәрін жасадым. Өте ыңғайлы екен. Себебі, алдыңғы балаларда ЦОН-ға өзім баратынмын. Осы жолы ешқайда барғам жоқ. Тек телефоннан жасадым бәрін.

Қазақстандықтар бұдан былай құжат рәсімдеу үшін арыз жазып, мекемелердің табалдырығын тоздырмайды. Онлайн рәсімделген құжат үйге дейін тегін жеткізіледі. Ал жәрдемақы алуға келісім жасалса, төлем шотқа аударылады.

Бүгінде бұл ақпараттық жүйеге 19 жарым млн адамның, яғни 6 млн 3 мыңға жуық отбасының жеке дерегі жинақталған. Ол арқылы жанұядағы адам санын, әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысын, несиенің болуы, баспана, жұмысқа жарамсыз жандардың бар-жоғын, тіпті денсаулық жағдайына дейін дер кезінде анықтайды. Отбасының кірісі төмен болса, атаулы әлеуметтік көмек көлемін есептейді. Үйде мектеп жасына дейінгі сәби болса, жақын жердегі балабақшадан орын тауып береді.

Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

24 жылы медицина саласын, 25 жылы білім саласы қосылады. Ол азамат білмеуі мүмкін. Жұмыстан айырылған кезде жарты жылға дейін жұмыстан айырылу бойынша төлем төленеді. Осы цифрлық карта сол адамға хабарлама ретінде жібереді. Сізге осындай жұмыссыздыққа қатысты төлем төленеді деп.Бұрынғыдай қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ.

Айя Мүтәлі, тілші:

Отбасының цифрлық картасы арқылы жыл басынан бері 75 мыңнан астам адамға SMS-хабарлама жолданған. Жәрдемақы мен тиісті төлемдерді 6 мыңнан аса адам алған. Ал қазақстандықтар туралы барлық мәлімет жинақталған ақпараттық жүйенің қауіпсіздігіне Цифрлық даму министрлігі мен Еңбек және халыққы әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты.

Хабарламаларға жазылу