Түркістан облысының Жетісай ауданындағы елдімекенде жұрт тіршілік нәріне жарымай отыр. Сырабат ауылында екі жыл бұрын үш рет ұңғыма қазылған. Алайда ондағы су ішуге жарамсыз деп танылып, жауып тастапты. Ал суды тазартуға арналған қондырғы істемей тұр. Жергілікті халық қазір тіршілік нәрін көрші ауылдан тасып ішуге мәжбүр.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Сырабат ауылының орталығындағы мына су ұңғымасының құрылысына бюджеттен екі рет 50 млн теңгедей қаржы бөлінген. Алайда ұңғымадан шыққан су ащы болып, жарамсыз болып қалды. Мұны мамандар да растады. Қазір мұндағы бір жарым мыңға тарта тұрғын көрші ауылдан келетін суды мына сүзгіден өткізіп ішіп отыр.
Екі жыл бұрын бұл ауылда үш бірдей ұңғыма қазылғанымен, үшеуінің де суы ащы болып шыққан. Сондықтан орнын қайта жауып тастапты. Қасынан қойылған су сүзгі қондырғысы да шаң басып тұр. Жергілікті халықтың күні қазір Бірлік ауылынан тартылған жалғыз құбырға қарап тұр. Оның өзін сатып алады. Көлігі барлар көрші ауылдан тасып ішеді. Себебі сүзгіштен шығатын су көпшілікке жетпейді. Мәселені тездетіп шешсін деген жергілікті халық ұңғыманы қайта қазып, суды қажетті көлемде жеткізіп беруді талап етуде.
Уәлихан Еркінбеков, Сырабат ауылының тұрғыны:
Екі жерден қазған. Оның саны бар да, сапасы жоқ. Жұмыс істемейді. Мынаны қалқитып Шыңғысханның заборындай қылып салды да, кетті. Ауру көп.
Сырабаттықтардың судан қиналып отырғанын салаға жауаптылар жақсы біледі. Бірақ жаңа ұңғыма қаздыруға қаражат керек дейді.
Талғат Досболов, Жетісай аудандық «Таза су» мекемесінің басшысы:
Біз облыстық энергетика басқармасына Сырабат елді мекеніне жаңадан елдімекен шегінде, яғни мақта алқабына жақын аумақтан жаңадан ауыз су ұңғымасын қазуға өтініш берілген 2024 жылға.
Суға деп сұралған қаражаттың қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан мұндағы жұрт көрші ауылдың суын қанағат тұтуға мәжбүр.
Айнұр Әбілқасымқызы