Шығыстағы Зайсан ауданына 10 жыл бұрын басталған газ тарту жұмысы аяқсыз қалды. Бүгінге дейін Зайсан қаласы мен тек 8 ауылда ғана көгілдір отын бар. Ал тағы сегіз елдімекенді орталық газға қосу үшін 2019 жылы мердігер анықталады. Енді жұмыс басталар сәтте тендердің ережеге сай өткеніне күманданған келесі бір компания сотқа шығымданады. Газ құбырын тартуға қатысты талас немен аяқталды. Шалғайдағы ауылдарға қашан газға қосылады.
Қысы алты айға созылатын өңір үшін от жағып, күл шығару ең негізгі жұмыс.Сондықтан ауданға газ құбыры тартыла бастағанда Жарсу ауылының байырғы тұрғыны-Нағимаш Көшкінбаева да ерекше қуанған. Алайда көрші елдімекендер ғазға қосылғанымен Жарсуға жетпей қалды.
Нағимаш Көшкінбаева, Жарсу ауылының тұрғыны:
Кешке дейін қи жағамыз. Көмір қымбат. Тоннасы 25 мың дейді. Алған зейнетақымыз сол көмірмен кетеді. Сол енді ауылымызға газ тартылса күшті-ақ болар еді. Кішкене қолымыз босап, газдың қызығын көретін уақытымыз ғой.
Газдың қызығын Жарсудан басқа тағы жеті ауыл көре алмай отыр. Бұл елдімекендердің барлығының іргесіне орталық құбыр келіп тұр. Тек ауыл ішіне тартылмай отыр.
Төлеубек Қонжанов, зейнеткер:
Ал енді газ деген іргемізде тұр. Қазақстан азаматымыз ғой енді. Біз емес Қытай қызығын көріп жатыр. Сонда біз неге қызығын көрмейміз.
Зайсан ауданын толық газбен қамту бұдан 10 жыл бұрын басталған. Үш кезеңнен тұратын жобаға сәйкес бүгінге дейін аудан орталығы мен 9 ауыл газға қосылды. Ал үшінші кезеңде тағы 8 елдімекенге газ беру жоспарланған. Ол үшін 2019 жылы республикалық бюджеттен 1 миллиард 120 миллион теңге бөлініп тендер жарияланады. Жұмыс басталар тұста тендердің нәтижесімен келіспеген екінші мердігер сотқа шағымданады. Осылай екі компания соттасып жүргенде арада үш жыл өтті.
Қуаныш Тұрсынханов, Зайсан аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
Сот процессі ұзаққа созылды. Бір жарым жылдан артық сондай мәселе туындады. Соңғы нүктесін жоғарғы сотта 7 наурызда қойылып, осы биылғы жылы. Яғни бұрынғы мердігер құрылыс жұмыстарын қайта жалғастыратын болып шешілді.
Қайта жалғасқан жұмыс жол ортадан тағы тоқтап қалмаса Сартерек, Саржыра, Бақасу, Жарсу, Біржан Қуаныш, Көкжыра, Дайыр ауылдары келер жылғы газға қосылмақ. Ал шекараның шебіндегі Жаңатұрмыс, Тасбастау және Шіліктінің түрғындары көгілдір отынды күте тұруға тура келеді.
Олжас Керейхан