«Ісімізден сөзіміз көп болып тұр»: Үкімет мүшелері Президент тапсырмаларын орындауға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ісімізден сөзіміз көп болып тұр»: Үкімет мүшелері Президент тапсырмаларын орындауға кірісті

23.04.2023

Әділетті экономика құру керек. Ал оның негізгі локомотиві аймақтық деңгейдегі адал кәсіпкерлер болуы тиіс. Осы аптада министрлер, қос палата мен өңірлік мәслихаттардың депутаттары мен әкімдерді жинап, кеңейтілген кеңес өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай талап қойды.

Бұған дейін сегізінші рет сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында да президенттің баяндамасында да әлеуметтік-экономикалық мәселелерге басымдық берілген еді. Тоқаев Қазақстан экономикасы «орта табыс қақпанына» түсіп қалғанын сынға алды. Сондықтан қосымша табыс көзі керек екенін айтты. Қазір сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ететін шаралар қабылданбаса, тоқырау қаупі төніп тұр. Бұл дегеніміз – халықтың табысы төмендей түсетінін білдіреді. Президент сарапшылардың есебін келтіріп, Қазақстан табысы жоғары елдер қатарына кіруі үшін жыл сайынғы өсімді 6% деңгейіне жеткізу керек екенін айтты. Қазіргісі – 4,9%. Бұл – осы жылдағы 3 айдың көрсеткіші. Былтырғысы 3,2% болған. Өсім бар. Бірақ шикізат пен импортқа тәуелділік, өндірістің жоқтығы, соңғы 15 жылдағы рекордтық инфляция сияқты факторларды ескерсек, тоқмейілситін кезең емес. Отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев осы және өзге де мәселелерді қозғады.


Хабарламаларға жазылу