Оралда Қадыр Мырза Әлі мұрасы насихатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда Қадыр Мырза Әлі мұрасы насихатталды

24.04.2023

Оралда ақын, Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын насихаттау мақсатында «Дала дидары» атты әдеби-сазды кеш өтті. Сөз зергерінің өлең-жырынан шашу шашылып, әуезді әннен тәбәрік тартылды. Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының көшпелі ұжымы көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлап, елдің ыстық ықыласына бөленді.

Ақ Жайығын, дархан даласын жырлап өткен Қадыр Мырза Әліні еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біледі. Балалар әдебиетінен бастап, драматургияға дейін қалам тербеген жазушының соңында 70-тен аса кітабы қалды. Өмірде қандай қарапайым болса, өнерде данышпан, философ, таутұлғаға айналды дейді қаламдастары.

Дариға Мұштанова, ақын:  

Бір құйттай әңгімелескенде ол сыр шертіп өтетін өмірінен. Сол шерткен сырынан бір тәлім алып қаласың. Сондай терең, дана адам еді ғой. Кейінгі кезде «жатып жазғанда қаламсаптың сиясы артқа шегініп, жазбай қалады екен, сондықтан қарындашпен жазатын болдым, конспектілеп жазам» деген әңгімесі құлағымда қалды.

Ұлы ақынның бүгінгі мұрагері - Қадыр орталығы. Сегіз жыл бұрын ашылған мекемеде ақынның жеке кітапханасынан алынған 7 мыңға жуық кітап сақтаулы тұр. Орталық жанынан «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымы құрылып, көршілес аймақтар мен қоса шетелге де сапар шегіп келді. 

Бауыржан Халиоллла, Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығының директоры:  

Ең шоқтығы биігі - былтыр он күндік сапарымызда Қырғызстанның Талас айлағында, ел астанасы - Бішкекте, Ыстықкөл, Қаракөл өлкелерінде шығармашылық ұжыммен барып, қазақ өнерін, соның ішінде Қадыр шығармашылығын насихаттап қайттық.

Әдеби-сазды кеште ақынның өлең-жырлары, әндерімен қоса, «Қадыр деген екен» әзіл-әңгімелері де айтылды. Әндердің бәрі де фонограммасыз, табиғи дауыспен шырқалды. Көрермен де халық жазушысы шығармашылығының кәусарынан қанып ішіп, рухани кештің ләззатына бөленді.

Мәнзила Нұрмағамбетова, көрермен:

«Тамаша» әні, өзіміздің Орал, табиғат туралы керемет әндерден әсер алып, бүгін үлкен бір жақсы көңіл күйдеміз.

«Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы енді көршілес Атырау, Маңғыстау облыстарына өнер сапарымен жолға шықпақ.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу