Туындыларын әлем мойындаған таланттың еңбегі елеусіз қалып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Туындыларын әлем мойындаған таланттың еңбегі елеусіз қалып келеді

22.04.2023

Туындыларын әлем мойындаған таланттың еңбегі елеусіз қалып келеді. Аягөздік Қалибек Айнажаров ағаш бетіне ойып сурет салатын шебер. Картиналарының деніне еуропалық өнертанушылар жоғары бағасын берген. «Бітімгер» бүкіләлемдік альянсында, әлемдік мәдениетке қосқан үлесі үшін «Дарын мен қабілет» күміс медалінің иегері. Алайда дүниежүзін мойындатқан қазақ суретшісінің өнері елімізде ескерусіз қалып отыр.

Қалибек Айнажаров бала кезінде қате жасалған операция салдарынан арбаға таңылған. Мамандығы фотосуретші болғанымен 40-қа қараған шағында ағашты ойып бейнелеуге ден қойған. Ұлттық дәстүр, төл өнер мен мәдениет тақырыбындағы туындылары көп. Әр картинасы жоғары талғаммен орындалған. Терең мағынаға ие.

Қазіргі заманда жастар ажырасып жатыр көп. Сол ойланыңдар, орталарыңда бала бар. Жетімдікте өсірме-дегендей. Сол мағынада шығарғанмын.

2009 жылы суретші Мәскеуде өткен көрмеге туындыларын Қазақстан атынан апарып, үздік атанған. Кезінде Квентин Тарантино, Майкл Мэдсен, Майкл Дуглас, Эдриан Пол сынды өнер адамдары алған төсбелгіні иеленген. Есімі әлемдік дәрежедегі суретшілер тізімінде. Еуропалық сайттар әлі күнге оның картиналарын жаһандағы ең мықты туынды ретінде жариялап, мақалаға арқау етіп келеді.

Қалибек Айнажаров, суретші:

Әлемдік үлкен деңгейге көтерілдік. Дүниежүзі бәрі танығанмен өз еліңде ұлтан болғаның деп. Қажыдым деп. Сол ішіңді тырнап күйдіреді. Енді не істейсің? Солай жазылған маңдайға.

Қазақстанда танымайтындықтан оның шығармаларын телеарналар мен сайттар рұқсатсыз көрсетіп, жазушылар кітап мұқабаларына автордың есімін атамай бірнеше рет басқан. Суретші картиналарын осылайша әркімнің пайдаланып пайда тауып жүргеніне налиды.

Ержан Жақып, тілші:

Өнер иесінің қазір 100-ден астам картинасы бар. Олардың дені әлемдік көрмелерге қойылып, өз бағасын иеленген. Алайда әлем мойындаса да, елімізде ешкім елемейтін бұл туындылар қазір суретшінің үйінде осылайша шаң басып тұр.

Шетелдік өнертанушылар Қалибек Айнажаровтың бірнеше картинасын 400-500 мың долларға дейін бағалапты. Бірақ, суретшінің оны шекара асырып сатуға мүмкіндігі болмаған. Өңір басшылары оған пәтер әперіп, шеберхана ашуға көмектесеміз деп талай уәде берген. Бірақ, айтқандары құр сөз күйінде қалған.

Айдар Ибраев, Мәдениет басқармасының басшысы:

Облыс әкімінің тапсырмасы бар. Біздің облыс орталығы Семей қаласында Арбатта апта сайын қолөнершілер мен суретшілердің көрме-жәрмеңкесін өткізуге. Бұл іс-шараға да Қалибек Айнажаровқа ұсыныс жасап егер мүмкіндігі болса, осы көрмеге алдырайық деген жоспар бар.

Арбаға таңылған суретшінің Аягөзден алысқа шығуы да мұң. Сондықтан, орталыққа көшіп, мәдени ортаға жақын болсам деген арманы бар. Бірақ, одан бұрын «Қарнының ашқаны емес, қадірінің қашқанына» қапалы.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу