СҚО-да бірнеше мәдениет үйін жөндеу жұмыстары тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да бірнеше мәдениет үйін жөндеу жұмыстары тоқтап тұр

21.04.2023

Солтүстік Қазақастан облысының Мамлют ауданында қарасты Бостандық ауылдық мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары тоқтап қалды. Нысан 2021 жылдың күзінде халық игілігіне берілуі тиіс еді. Оны қалыпқа келтіруге қазынадан 82 млн теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Екі жылдан бері жабық тұрған ғимараттың қабырғасы сыз тартып, сылағы қайта түсе бастаған. Ал құрылыста жұмыс істеген тұрғындар маңдай термен тапқан жалақысын ала алмай жүр. Ауылдағы талай концерттің сәнін келтірген мына музыкалық аспаптар қазір әркімнің босағасында шашылып жатыр. Сақтайтын орын болмағандықтан тұрығындар үйлеріне алып кетуге мәжбүр болған. Ал мәдениет үйіндегі жөндеу жұмыстары бір жылдан бері тоқтап тұр.

Қадырбай Ережепов, ауыл тұрғыны:

Жастардың өзі баратын жері де жоқ. Бәрі осыдан шықпаушы еді. Қолдарына телефондарын ұстап, бәрі де көшеде жүреді.

Рашид Мұрсәлімов жоғары білімді электрик. Ұсыныс түскен соң, мәдениет үйінің желілерін жаңартуға келіскен. 1,5 жылдан бері маңдай тер еңбек ақысын ала алмай жүр.

Рашид Мүрсәлімов, ауыл тұрғыны:

500 мың төлейміз деген, бүкілін бітіргеннен кейін, орнатқаннан кейін. Ол әлі төленген жоқ.

Тұрғындардың тағы бір мұңы – ауылда ұялы байланыс пен интернет жоқ. 70 шаңырақ түтін түтетіп отырған елді мекен облыс орталығынан небәрі 100 шақырым қашықтықта орналасқан.

Эльмира Кәленова, тілші:

Бұл ауылдағы иесіз қалған ескі үйлердің бірі. Кітаптарды сақтайтын орын болмағандықтан, осында әкелінген. Мұнда жарық жоқ. Оқырманы жоқ кітаптар 3 жылдан бері шаң басып жатыр.

Тендерді өскемендік компания ұтып алған. Аудандық әкімдіктегілердің айтуынша сотта мердігер жұмысты тиісті деңгейде орындамағаны дәлелденіп, келісім шарт бұзылған.

Берік Жұқышев, Андреевка ауылдық округінің әкімі:

Он жыл бұрын мынау клуб өрт болып күйіп кетті ғой. Сосын көптен тұрды. Осы пректно-сметная документация істеп, конкурс объявить етіп. Енді биыл қайтадан конкурс объявлять еттік. Экспертизаға бәрін документін бердік. Биыл бітіреді енді.

Мамлют ауданының Афонькино және Андреевка ауылдарында да мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Қос ғимаратты толықтай жаңалауға 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Ал облыстағы 42 елді мекенде клуб атымен жоқ. 29 нысан күрделі жөндеуді қажет етеді.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу