Жаңаөзенде газ жарылысынан зардап шеккен 46 жастағы тұрғынның жағдайы ауыр. Ол үйінді астында бес сағат бойы жаншылып жатып қалған. Науқас кеше Ақтау қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Жансақтау бөлімінде онымен бірге денесінің 70 пайызын күйік шалған науқас та жатыр. Екеуіне де қажетті медициналық көмек көрсетілуде, дейді дәрігерлер. Ал жарылыстың салдарынан түсік тастап, омыртқасы сынған 23 жастағы әйел есін жиды. Ол жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылған. Сондай-ақ травматология бөліміндегі екі қыз бала мен ер адамның да жағдайы тұрақталды. Оқушы қыздарға психологиялық көмек көрсетілген. Еске сала кетейін, Жаңаөзен қаласында тұрғын үйде болған газ жарылысынан төрт адам қаза тауып, он үш тұрғын түрлі дене жарақатын алды. Қазір апат болған жерде сараптама орталықтарының мамандары жұмыс істеуде.
Аягөз Оралбайқызы