Бүгін – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні

21.04.2023

Жақсы кітап – жан азығы. Бүгін – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні. Осыған орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада «КІТАП шоу-2023» фестивалі өтті. Оған алыс-жақын шетелдерден арнайы меймандар келді. Оқырмандар үшін түрлі бағытта 10-нан аса шара ұйымдастырылды.

Қуан Нұрақын, тілші:

Бүгін – кітапсүйер қауым үшін ерекше күн! Осынау айтулы мерекені дүниежүзінің 100-ден аса елі атап өтеді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, Алматы жұрты да мерекені дүбірлетіп өткізіп жатыр.

Шара аясында Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Қырғыз делегациясын жазушының қарындасы бастап келген. Роза Айтматова фестивальді тамашалауға келгендердің дені жастар екеніне қуандым дейді.

Роза Айтматова, Ш.Айтматовтың қарындасы:

Келешекте ақылды, есті, кітап оқыған, қазір жаңа технологиялар деп жатады. Жаңа техника деп жатады. Осының бәрін үйлестіру үшін әлбетте кітап оқу керек.

Биыл көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың туғанына – 100 жыл. Мерейтойға орай қаламгердің көзін көргендер әдемі естеліктерімен бөлісті.

Бауыржан Жақып, ақын, филология ғылымдарының докторы:

Мұзағаның ең шығармашылығының шоқтығы ол - балаларға жазған шығармалары. Ересектерге арналған поэзиясы. Үшінші бір қыры жаңағы 180 әнге текст жазған. Көбі қазір шырқалып жүр. Содан кейін аудармашылық қыры.

Атаулы күнге орай түркі халықтарының жазбаларынан көрме ашылды. Сондай-ақ, «Түркі әлемінің бірлігі» атты күйтабақтар мен мерзімді басылымдар да жиналғандардың көңілінен шықты.

Қуан Нұрақын, тілші:

Бүгінгі шара аясында құнды әрі сирек кездесетін кітап көрмесі де ұйымдастырылған. Мәселен, «қазақтың Герадоты» атанған белгілі түркітанушы Алексей Левшиннің үш томдық монографиясы да бар. Туынды 1832 жылы жарық көрген.

Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефонға телмірген заманда мұндай шараларды өткізу аса маңызды. Қуанарлығы, жыл сайын жастардың қызығушылығы артып, оқырмандар саны көбейіп келеді дейді ұйымдастырушылар.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу