Ресейден тағы бірқатар алпауыт компаниялар кеткелі жатыр. Бренд иелері ел аумағынан біржола көшетінін мәлімдеді. Валюта тағы құлдырады. Билік ұлттық қорға тағы қол салды. Әріптесім Асима Нұрбайқызы Мәскеуде жүр. Асима, Санкция қыспағында қалған көршінің соңғы экономикалық ахуалы қалай?
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Ресейдің экономикалық ахуалы мәз емес. Инфляция биыл 10 пайызға дейін жетуі мүмкін деп отыр сарапшылар. Өйткені соңғы бір айда рубль тағы құлдырады. Бір жыл бұрын 1 доллар 62 рубль болса, қазір 82. Мамандар мұнымен де тоқтамайды деп отыр. Жуық арада тағы өседі деген болжам бар. Жалпы әлемдік валюталарға рубльдің құны соңғы бір айда 20% бірақ түсіп кеткен. Бұған алдымен мұнай-газ саласындағы табыстың азаюы себеп. Санкция салынғалы Ресейдің қара алтынынан бас тартқан компаниялар көп. Оның үстіне Газпромның Еуропаға газ тасымалы азайып, табыс төмендеді. Бұл факторларға бюджет тапшылығы қосылды. Былтыр рекордтық 3 трлн рубльге жеткен болатын. Бюджет тапшылығын жабу үшін үкімет Ұлттық қордан 4 тонна алтын, 2 миллиард юань сатты. Соңғы екі күнде тағы бірнеше алпауыт бренд Ресейден біржола кететінін мәлімдеді. Яғни қазынаға түсетін қаражат тағы қысқарады деген сөз. Үкімет дағдарыспен күресудің тиімді жолын ұсынбаса, экономикалық қиындықтар 2018 жылғы дағдарыстан да ауыр болуы мүмкін екенін айтады сарапшылар.
Асима Нұрбайқызы