UEFA Чемпиондар лигасының финалына қай командалар өтті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

UEFA Чемпиондар лигасының финалына қай командалар өтті?

20.04.2023

Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан барлық команда анықталды. Кеше екі бірдей матч өтті. Біріншісі Германияның «Бавариясы» мен Англияның «Манчестер Сити» командалары арасындағы кездесу. Алғашқы ойында англиялық клуб 3:0 есебімен басым түскен еді. Кешегі тартысты кездесуде «Бавария» футболшылары есепті қысқартуға барынша тырысқанымен, талпыныс нәтижесіз болды. Ойынның 57-минутында «Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холанд есеп ашты. Ал, екінші таймның соңына қарай «Бавария» сапындағы Киммих пенальтиден гол соққанымен бұл германиялық клубқа жарысты жалғастыруға жеткіліксіз болды. Тағы бір кездесуде Италияның «Интер» және Португалияның «Бенфика» клубтары жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салды. Бірінші кездесу 2:0 есебімен италиялық клубтың басымдығымен аяқталды. Қарымта кездесуде командалар 3:3 есебімен тең түсті. Екі ойынның нәтижесімен италиялық клуб финалға бір табан жақындады. 20 жылда алғаш рет жартылай финалда қос итальяндық клуб ойнайды.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу