Түркістан облысының шаруалар көктемгі егіс жұмыстарын бастай алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының шаруалар көктемгі егіс жұмыстарын бастай алмай отыр

19.04.2023

Сондай-ақ қазірдің өзінде 600 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға зәру. Осыны еске салған Президент суды үнемдеуге шақырды. Әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңейтілген кеңесте: Үнемшіл болмасақ, жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз деді. Ал, Түркістан облысындағы Жетісайлық шаруалар көктемгі егіс жұмыстарын бастауға көптеген кедергілер кездесіп жатқанын айтады. Жерасты суларын соратын дренаждар істемей қалған. Одан бөлек субсидиялау жүйесінің машақаты тағы бар. Бұл Жетісай ауданының Мақташы ауылындағы егістік алқаптар. Жерасты сулары жақын орналасқан аумақта сор шаю жұмыстары жүргізілгенде су жерге сіңбей қалады. Себебі дренаждар жеткіліксіз. Кей ауылдарда мүлдем істемейді. Сөйтіп6 егістік науқанды бастауға кедергісін келтіріп отыр дейді шаруалар.

Нұржан Қалмырзаев, Алмалы ауылының тұрғыны:

Ауылда Кеңес одағының кезінде 12 дренаж болған. Сол 12 дренаждың қазір біреуі де істеп тұрған жоқ. Істен шыққан. Соның кесірінен мына ауылымызда 1300 га суармалы жер сорға айналып жатыр. 70 пайыз десек те қателеспейміз.

Көктемнің әрбір күнін жылға азық еткендер биыл қыстың қатты болып, ауылшаруашылығы жұмыстарының бір жарым айға кеш басталғанын айтады. Жығылғанға жұдырық демекші биыл мақташылар егіс жұмыстарын бастауға да ақша таппай отырмыз дейді.

Фузал Жалвонов, шаруа:

Қазір бір 10 млн ақшаны ала алмай отырмыз. Мына шаруа қожалықтары тұр барлығы. Ақша жоқ дейді. Жерлерді айдайын десе ақша таба алмай жатыр. Жағар-жанармайға ақша жоқ.

Сондай-ақ егістік алқаптардағы дренаждарды кезең кезеңімен іске қосылады деген аудан басшылығы шаруаларға қаражат табу жағынан қарасып жатқандарын жеткізді.

Тұрышбек Елшібаев Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:

Бүгінгі таңға қазір 92 шаруа Жетісай ауданы бойынша 116 млн теңге ала алмай отыр. Оны біз тиісті зауыттың басшыларынан талап етіп отырмыз. Осы аптаның ішінде құтыламыз деп сөз беріп отыр. Негізгі қарыз 73 млн NIMEX зауыты болып отыр. Төрт зауыт бермей отыр.

Ал тыңайтқыштарды алуға өтінім тастайтын Gosagro.kz субсидиялау жүйесіне өтінімдер тастау қиындық келтіруде. Оны мамандар да жасырмайды. Себебі, жыл басынан бері толық іске қосылмай тұр. Соның салдарынан диқандар қажетті тыңайтқыштарды базардан нақты ақшаға алуға мәжбүр. Салаға жауаптылар болса бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деп сендірді.

Марат Әбуов, Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Біз оларға мүмкіндігінше қазіргі жағдайда толық құнымен сатып алу жөнінде түсіндіріп жатырмыз. Себебі келешегі барлығы оларға портал іске қосылғаннан кейін өздерінің есепшоттарына қарастырылған субсидиясы өздеріне төленіп беріледі.

Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 45 мың гектарға жуық жерге мақта егу жоспарланып отыр. Бұл аумақ өткен жылғымен салыстырғанда бес мың гектарға кемігенін көрсетеді. Себебі қара күзде мақтасының ақшасын ала алмаған шаруалар биыл басқа дақылдарды егуге бет бұрған.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу