Астанада алтыншы Еуразиялық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды. Халықаралық шараның мақсаты - кітап оқуды насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру. Ол жерден тек ересектерге ғана емес балаларға арналған көркем әдебиеттің сан алуан түрі бар. Сондай-ақ, шара барысында «жылдың ең үздік кітабы анықталады». Кіру тегін.
Асылбек Данияр, тілші:
6 жылдан бері тұрақты түрде өткізілетін бұл кітап көрмесін оқырмандар сағынып қалған секілді. Өйткені, мұнда адам саны өте көп. Ине шаншыр орын жоқ десек те болады. Әсіресе оқырмандардың ішінде жастар көп екенін байқадық. Жалпы бұл шараға 70-тен астам баспа қатысып жатыр. Оның ішінде тек қазақстандық қана емес шетелдік баспалар да бар.
Қанат Бейсенғазин, ұйымдастырушы, «Foliant» баспасының аға редакторы:
Қазақстаннан белді баспалардың барлығы осында. Одан бөлек Ресейден ірі, танымал баспалар әр өңірлерден келіп отыр. Якутиядан да келіп отыр. Одан бөлек Қытай, Өзбекстан, Түркиядан келіп отыр баспалар. Кітапсүйер қауым үшін бұл өте керемет мүмкіндік.
Асылбек Данияр, тілші:
Мұнда енді әр баспа әртүрлі іс-шара өткізіп жатыр. Біреуі жаңадан шыққан кітабының тұсаукесерін өткізіп жатса, ал «Отандастар» қоры мынандай бастама бастапты - «Әр қазаққа - бір кітап». Мұнда бір арнайы кюар код бар. Сол кюар кодты келген сатып алушылар өздері сканерлеп, одан түскен қаржыны шетелде тұратын қандастарға кітап сыйлауды жөн көріпті.
Жұмагүл Баграмқызы, қала тұрғыны:
Тамаша акцияны көріп шыдай алмадым. Кітап қорын шетелдің азаматтары да, шетелде жүрген қандас бауырларымыз да, иә, өзіміздің төл ана тілімізде жазылған шығармаларды оқыса екен деген ниетпен қолымыздан келгенше сомманы аударып жатырмыз.
Асылбек Данияр, тілші:
Оқырмандар үшін тағы да бір жағымды жаңалық, мұндағы әр баспа сатылымға шығарған кітаптарын баспадан шыққан құны бойынша сатып жатыр. Содан бөлек әр баспа өздері пайыздық жеңілдіктер ұсынып отыр. Бұл жеңілдіктер таңертеңгі және кешкі уақытта болады. Ал жалпы бұл жәрмеңке алдағы 5 күн бойы жалғасады.
Асылбек Данияр