Автобус жүргізушілері қайта оқытылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автобус жүргізушілері қайта оқытылады

18.04.2023

Алматыда соңғы үш айда автобус апаттарынан 150-ге тарта жолаушы зардап шеккен. 72 жүргізуші әкімшілік, тағы 100-ге жуығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмаудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр. соның бірі ретінде әкімдік автобус тізгіндейтіндердің мінез-құлқы мен тәртібін түзейтін арнайы курстар ашпақ

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бұл қалалық ПД жедел басқару орталығы. Шаһар көшелеріндегі көлік қозғалысын қадағалайтын 5000 мыңнан астам камера осы бөлім мамандарының назарында. Олардың айтуынша, былтыр мегаполисте қоғамдық көліктердің қатысуымен 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 557 адам түрлі дене жарақаттарын алып, бір адам апат орнында көз жұмған.

Дүйім жұртты дүрліктірген қайғылы оқиға былтыр Төле би мен Абылай хан даңғылы қиылысында болды. Салдарынан 15 жолаушы жараланып, 1 адам ажал құшты. Ал Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус жаяу жүргіншілер жолағында 6 адамды қағып 5-еуі көз жұмды.Бұл оқиғалар ешкімге сабақ болмаған сыңайлы, себебі, қоғамдық көлікпен болатын апаттар азаймай отыр

Еркін Өтегенов, Қалалық ПД баспасөз қызметінің өкілі:

Осы үш айдың нәтижесі бойынша Алматы қаласында 101 жол көлік оқиғасы тіркелді. Оның себебінен 143 адам зардап шекті. Қаза болғандар жоқ. Жыл басынан бері Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес 72 хаттама толтырылды.

Сондықтан қоғамдық көлік тізгіндейтіндерге қойылатын талап қатаңдатылуы керек дейді тұрғындар. Әсіресе, жылдамдықты шамадан тыс асыратындар көбейген. Ал, жүргізушілердің бұл мәселеге қатысты айтар өз уәжі бар.

Қайрат Теребаев, жүргізуші:

Бізге график береді. Сол грфикке үлгеруің керек. Кептеліс болған кезде сен уақытыңнан қаласың. Кептелістен шыққан соң уақытыңды қуып жету үшін асығады. Графикке үлгермейтін жүргізушілерді автобус парктері ұстамайды. Жұмыстан шығарады.

Мобильділік басқарманың мәліметіне сай, қалада 25 автобус паркі жұмыс істейді. Біреуі әкімдіктің, қалғандары жекенің меншігінде. Бірақ олар да құзырлы органдардың қатаң бақылауында. Жыл басынан ережеге бағынбаған 100-ге жуық жүргізуші тәртіптік жазаға тартылған. Бұдан айтарлықтай нәтиже шықпағандықтан, тиісті мекеме енді жүргізушілерді қайта оқуға арналған арнайы курстар ашпақшы.

Азамат Ешанқұл, қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы:

Қазір соған жұмыс істеп жатырмыз. Автопарктің немесе қаланың аймағында сондай бір мектеп ашуға. Қосымша өзінің курсын оқиды. Мысалы, қатаң емес жеңілірек заң бұзған жағдайда оны қайта сол мектепке әкеліп, қайта даярлау курсын өткіземіз. Қалай аялдамада тоқтау мәселесі, сіз байқағандай аялдамаға жетпей немесе асып тоқтайды. Өзінің заңды бұзғанына байланысты сондай әрекет жасасақ деген ниеттеміз. Сол ниетке жетеміз деген ниеттеміз.

Мәселені шешудің тағы бір жолы - жүргізушілерді көбейту. Бүгінде 1000-нан астам маман қажет. Ал жүгенсіз жүргізушілерді тәртіпке шақырып, апаттарды азайтуды көздейтін жоба келесі жылы жүзеге асуы мүмкін. Ал, қала көшелеріне биыл қосымша 3000 бейнебақылау камерасы орнатылмақ.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу