Жаңаөзенде жарылыстан зардап шеккен аяғы ауыр әйелге 2 бірдей ота жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде жарылыстан зардап шеккен аяғы ауыр әйелге 2 бірдей ота жасалды

18.04.2023

Жаңаөзенде жарылыстан зардап шеккен аяғы ауыр әйелге 2 бірдей ота жасалды. Үйінді астынан шығарылған 46 жастағы тұрғынның да жағдайы ауыр. Дәрігерлер екі науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресуде.

Ал, денесінің 70 пайызын күйік шалған науқас есін жиды. Ол облыстық ауруханада ем алып жатыр. Ал, жарылыстың салдарынан баспанасыз қалған тұрғындар кеше туыстарының үйін паналап шықты. Оларға нақты қандай көмек көрсетіледі? Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтсын. 

Жаңаөзен қалалық ауруханасында жарылыстан зардап шеккен 5 науқас жатыр. 2 жеткіншек пен 58 жастағы тұрғынның өмірлеріне қауіп жоқ. Ал, жансақтау бөліміндегі 2 науқастың да жағдайы ауыр. 23 жастағы аяғы ауыр әйелдің шаранасы кесір тілігімен алынған. Оған қоса омыртқасына ота жасалды. Бетонның астында қысылып қалған екінші науқас та күрделі отадан шықты.

Раушан Жапарова, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары:

Екеуінің де жағдайы қатаң. Енді бізде дәрігердің тарапынан бәрі емдеу процесін жасап жатырмыз. Диагностикасын жасап жатырмыз. Көмектің бәрін көрсетіп жатырмыз.

Жарылыс болған үй 12 пәтерлі болғанымен, мұнда 9 жанұя тұрған. Апат болған түні тек 2 отбасы пәтерлерінде болмаған. Осы оқиға салдарынан олардың баспаналары жарамсыз болып қалды. Ал, өздері туыстарының үйін паналап отыр.

Дидар Ботабаева, зардап шеккен тұрғын:

Қабырғалары сынып, төбесі қақырап түсіп жатыр. Еден айырылып жатыр. Жертөлеге түсіп кетті. Үйіміз тұруға жарамсыз болып қалды.

Зардап шеккен отбасылар далада қалмайтын болды. Мұнай компаниясы оларды пәтермен қамтамасыз ететіндерін жеткізді.

Бауыржан Мәмбетсапаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары:

Зардап шеккен азаматтарға сол қол күшін береміз. Бүгінгі таңда оларға тұрақты өзінің үйі керек. Сондықтан кешеден бастап жедел топ құрылды. Барлық нарықтағы үйлердің барлығын қарап шығып, сол 9 пәтерді жоспарлап отырмыз.

Баспана бұрынғы пәтерлерінің өлшемдеріне сәйкес беріледі. Сондай-ақ, оны тұрғындардың өздері таңдайды дейді, қала әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев. Ал зардап шеккен отбасылар уақытша өз келісімдерімен туыстарының үйінде тұрып жатыр. Қажет болса уақытша панажай беріледі.

Жансейіт Қайнарбаев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

Қазіргі таңда тұрғындардың келісімдеріне орай бірге сол үйлерді қарайтын боламыз, ертең нотариуске баруға дайынбыз. Содан кейін барып кілттерін қолдарына береміз. Қысқа мерзім ішінде көшіріп беруге толықтай мүмкіндіктеріміз бар.

Жергілікті әкімдік қайтыс болған азаматтарды жерлеу рәсімдерінің шығындарына да қолдау көрсетіп жатыр. Ал, жарылыстың себебін анықтау үшін, бүгін Алматыдан сараптама орталығының мамандары келеді.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу