Алматылық оқушылар NASA халықаралық ғарыш агенттігі өткізген байқауда жеңімпаз атанды. Олар дайындаған жоба әлемнің үздік зымыран құрастырушыларының арасынан топ жарды. Яғни ғылыми жоба 26 мыңдай оқушы қатысқан халықаралық додада оқ бойы озық шыққан
«Aenoica», яғни, «Шексіздік» деп аталатын ауқымды жобаның авторы – 8-сынып оқушылары. Рамазан мен Сымбат ғарыш тақырыбына әуес. Үздік шыққан ғылыми еңбек 300 мың тұрғынның үйіне айналатын станция құрып, технологиялық дамыған агромәдениет арқылы жайлы, қолайлы тіршілік қалыптастыруды көздейді.
Рамазан Әміре, оқушы, байқау жеңімпазы:
Біздің басты артықшылығымыз – ғарыш станциямыздың құрылымы. Бұл кванттық вакуум деп аталады. Адамдар ғарышта интернетті қалай қолдана алады, бір-біріне ақпаратты қалай жібереді, бұл жобада соны қарастырдық.
Қос жеңімпаз «Байқоңыр» ғарыш айлағында өткен жарыста да бақ сынаған. Алматылық топ 2 апта ішінде 150 зымыран құрастырған. Мектеп ішінде ашылған бұл зертханада аспан әлеміне қызығатын шәкірттер ғылыми еңбектерімен айналысады.
Сымбат Барсағазы, оқушы, байқау жеңімпазы:
«Aenoica» ғарыш станциясын құрудағы мақсатымыз - болашақтағы адамдар үшін заманауи, көптеген технологияға бай жаңа ғарыш кемесін құру. Ғарыш станциясы өз-өзіне электр энергия береді. Өз-өзіне қорек береді.
Ғылыми жобаның жетекшісі,11-сынып оқушысы Райымбек Әділбектің сөзінше, халықаралық байқау еркін ғарыштық қоныс тұжырымдамасын әзірлеуге бағытталған. Оған жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ең тәжірибелі, үздік зымыран құрастырушылары қатысады.
Райымбек Әбілбек, оқушы, жоба жетекшісі:
Сайысқа бір апта қалғанда кешке дейін, тіпті, түнге дейін осы лабораторияда тақтаны формулаларға толтырып отыратын едік. Осы жылы қатысқан оқушылар саны рекордты болды. 4567 команда, 26 мың оқушы қатысты. Осы оқушылар топ жарып, 1-орын алды.
Бұл сәт – мектеп үшін мереке. Үлкен ғылымға нық қадам басқан озат оқушылардың озық тәжірибесін біз де тамашаладық.
Жазира Оразқызы, тілші:
Бұл – оқушылардың өз қолымен жасаған кезекті ғарыш зымыраны. Біз дәл қазір шәкірттердің өзімен осы зымыранды ұшырмақпыз. Ал, бастайық!
Жазира Оразқызы