Экологиялық жобалар жүзеге асырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экологиялық жобалар жүзеге асырылады

15.04.2023

Кәсіпкерлердің бастамасын қолдап, оларды өңір экономикасын дамытуға инвестиция салуға ынталандыру қажет. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Ұлытау облысына сапары кезінде айтты. Ол бірқатар өнеркәсіп және медицина нысандарының жұмысымен танысты. 2 мыңнан астам адам еңбек ететін Жезқазған мыс балқыту зауытында жылына 200 мың тоннаға жуық өнім шығарылады. Кәсіпорынның жұмысына әрі қарай да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Әсіресе, экологиялық жобалар жүзеге асырылмақ. Гидрометаллургия өнеркәсібіне реагент шығаратын химия зауыты қарашада іске қосылады деп жоспарланып отыр. Әлихан Смайылов жаңа зауыт жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, импортты алмастырып, экономиканы әртараптандыруға үлес қосатынын атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Өз жобаларын жүзеге асырып жатқан инвесторларға қолдау көрсету өте маңызды. Үкіметке байланысты мәселелерді шешетін боламыз, алайда әкімдік инвестициялық жобалар санын ұлғайту үшін тұрақты негізде тиісті жағдай жасауы қажет. Кәсіпкерлердің бастамаларын барынша ескеріп, оларды өңір экономикасын дамытуға инвестиция салуға ынталандыру қажет.
Әлихан Смайылов шахтерлермен кездесіп, жұмысшылардың мерзімінен бұрын зейнетке шығу және әлеуметтік қолдаулар туралы мәселесін тыңдады. Сәтбаев қаласындағы ауруханасының жөндеу жұмыстарымен танысты. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 17 медициналық мекеме бой көтереді. Бұдан басқа перинаталдық, онкологиялық және кардиологиялық орталықтар салынады. Кездесу барысында кіші медқызметкерлердің жалақысын көтеру жайы айтылды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
2020 жылдан бастап дәрігерлерге жыл сайын 30 пайыз жалақы өсіріп келеміз, орта медицина қызметкерлеріне жылына 20 пайыз қосудамыз. Ал былтырдан бері қалған қызметкерлерге жыл сайын 20 пайыздан қосуды бастадық. Алайда Ұлытау облысында тек 15%-ға көтерілген. Бұл дұрыс емес. Мәселені шешу керек.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу