Түркістан облысындағы Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылының халқы ауыз суға жарымай отыр. Себебі ұңғымадағы су сорғыштар жиі күйіп кетеді. Соның кесірін тұрғындар тіршілік нәрін сатып алып ішуге мәжбүр. Бибігүл Бижігітова бірнеше күннен бері сусыз отыр. Көпбалалы ана тіршілік нәрін жан жақтан тасып, кейде сатып алуға да мәжбүр.
Бибігүл Бижігітова, ауыл тұрғыны:
Үш күн болып тұрады да, екі күн демалады ғой. Екі күн демалады да, үш күн болады. Болды ғой, сонымен су жоқ қой. Аузымыз ораза, бір құлтым суға зар болып отырмыз қазір. Не деген масқара бұл.
Бадам ауылындағы жұрттың тіршілік нәріне жарымай отырғанына жарты жылдан асқан. Судан тарыққан тұрғындар ауыл әкімі мен осы салаға жауапты мекеме басшыларынан мәселені шешіп беруді талай рет сұрапты.
Өркен Айтуов, ауыл тұрғыны:
Осы бір айдың көлемінде үш апта болды, суббота, воскресенье бізде абсолютно жоқ. Сылтаулары мотор күйіп кетті, то токтан проблема болып жатыр. Телефонмен де қоңырау шалғанбыз талай, біздің телефондарды мүлде көтермейді Темірландағы судың басшысы.
Тұрғындардың шыдамы әбден таусылған. Сөйте тұра, ауыл әкімі оларды үш сағат күттіріп, кездесуге әзер келді. Қазір ауылдағы екінші ұңғымада да су сорғыш жоқ. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бұл құрылғы төрт рет күйіп кеткен. Соңғы рет бес күн ғана жұмыс істепті.
Қадырхан Табиров, Ордабасы аудандық «Таза су» мекемесінің басшысы:
Үш фаза бірдей бармаса, су сорғыш күйіп жатыр. Кернеу болады.
Азамат Бекмырзаев, «Оңтүстік жарық транзит» компаниясының өкілі:
Жарықтың қатысы жоқ бұл жерде. Бір-екі күнде жарық өшкен жоқ қой. Судың өшкені кеше болды ғой. Бір линияда мыңдаған, екі мыңдаған адам отыр бұл жерде. Егер жарықтан болса, солардың бәрі кету керек еді ғой.
Түсірілім жасалған күні ауылдағы екі ұңғымаға жаңадан су сорғыш орнатылды. Бірақ тұрғындар бұл құрылғылардың да көп ұзамай күйіп кететіне күмән келтірмейді. Себебі, трансформатор әбден ескірген дейді. Соны жаңаламайынша суға да, су сорғышқа да жарымаймыз деп отыр.
Айнұр Әбілқасымқызы