Жезқазғандағы қазандықтардың тозу деңгейі 74 пайызға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғандағы қазандықтардың тозу деңгейі 74 пайызға жетті

14.04.2023

Жезқазған Жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарын толық қаржыландыру қажет. Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов алдағы жылыту маусымына дайындық шараларымен танысты. Орталықтағы қазандық агрегаттарының орташа тозу деңгейі 74 пайызға жеткен. Премьер-министр осыған байланысты меншік иесіне күзге дейін қосымша қазандықты іске қосу керегін тапсырды. Сонымен бірге, күрделі жөндеу мәселелерімен белсенді түрде айналысуы қажет екенін айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Алдағы қыста тосын жағдайлардың алдын алу үшін қазірден бастап Жылу электр орталығын жөндеуге қаржы құю керек. Өткен жылы меншік иесі 2,3 млрд теңге салуды жоспарлаған болатын, бірақ жұмыстың бір бөлігі кейінге қалдырылды. Ал, биыл толықтай қаржыландыру қажет. Қаражат «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында қайтарылатын болады.

Премьер-министр республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының учаскесіне барды. Ұзындығы 208 шақырымды құрайтын жол 2023-2025 жылдар аралығында күрделі жөндеуден өтеді. Биыл бастапқы кезеңінде 65 шақырым жол пайдалануға берілуге тиіс. Жалпы жобаны аяқтау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді деді үкімет басшысы.

Сұңғат Рахымжанов, «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалының директоры:

Ұлытау облысы бойынша 961 шақырым республикалық маңызы бар жолды құрайды. Соның 208 шақырымы сол Қызылорда мен Жезқазғанның ортасы. Бүгінгі таңда осы бағытта тендр жүргізіліп жатыр. Жол сегіз учаскеге бөлініп, биыл жол жөндеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу